Қазақстандық "Сбербанк" пен "Альфа-Банк" Ресейдегі банктерге әсер еткен санкцияларға қатысты пікір білдіріп, қазір қандай функциялар қолжетімсіз болып қалғанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Альфа-Банк Қазақстан" баспасөз қызметі санкциялар операциялық қызметке әсер етпеді және тек Батыс нарықтарында жаңа облигациялар мен акцияларды шығаруға қатысты деп сендірді.
"Банк тұрақты режимде жұмыс істейді және клиенттерге банк қызметінің барлық түрі қолжетімді. Шетел валютасындағы төлемдер мен аударымдар, төлем карточкаларымен операциялар стандартты тәртіпте жүргізіледі.
Жалғыз шектеу: банк уақытша жаңа еурооблигациялар шығара алмайды немесе Батыс нарықтарында акция орналастыра алмайды. Бірақ "Альфа-Банк" - онсыз да облигациялар мен акцияларды сыртқы нарықтарға орналастырмайтын мемлекеттік емес компания, сондықтан бұл шектеулер іс жүзінде банктің жұмысына әсер етпейді", - деді банктің баспасөз қызметі өкілдері.
Сондай-ақ, "Сбербанк Қазақстан" баспасөз қызметі банк пен оның барлық жүйесі қалыпты жұмыс істеп жатқанына, клиенттер – жеке және заңды тұлғалар қаражаты мен қызметіне толық қолжеткізе алады деп сендірді.
"Шоттарды теңгемен және шетел валютасымен алу және толықтыру бойынша операциялар кеңселерде, банкоматтарда, Sber KZ және "СберБизнес" мобильді қосымшаларында, сондай-ақ басқа да қызмет көрсету арналарында шектеусіз қолжетімді. Тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу, барлық төлем жүйесінің пластикалық карталары бойынша аударымдар мен операциялар жүргізіледі және толық қолжетімді. Валюта айырбастау шектеусіз жүргізіледі. "Сбербанкте" қазіргі жағдайда табысты жұмыс істеуге барлық қажетті ресурс және тәжірибе бар", - деп түсіндірді банк өкілдері.
Баспасөз қызметі мәліметінше, қабылданған шектеулер клиент қаражатының сақталуы мен қолжетімділігіне әсер етпейді.
"ВТБ Қазақстан" баспасөз қызметі жағдайға қатысты пікір білдірмеді.
"Радио Спутник" мәліметінше, АҚШ Ресейдің алты банкіне: "Сбербанк", ВТБ, "Газпромбанк", "Открытие" банкі, "Совкомбанк" және "Новикомбанкке" қарсы санкция салған.
532 рет оқылды