03 нау, 2022 сағат 13:40

Ресейлік банктер SWIFT-тен қашан ажыратылатыны белгілі болды

Фото ©REUTERS

SWIFT ресейлік банктер халықаралық төлем жүйесінен ажыратылатынын растады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі SWIFT сайтына сілтеме жасап.

Еуропалық Одақ (ЕО) қаулысына сәйкес, 2022 жылдың 12 наурызында жұмыс тоқтауы керек және компания барлық талапты орындауға дайын екенін растады.

"ЕО-ның Ұлыбритания, Канада және АҚШ-пен кеңесе отырып қабылдаған дипломатиялық шешімдері SWIFT-ті ресейлік банктерді қаржылық қызметтерімізден ажырату арқылы осы дағдарысты тоқтату бағытында жұмыс істеуге шақырды. Бұрын айтқанымыздай, қолданыстағы санкциялар туралы заңдарды толығымен сақтаймыз", - делінген компанияның мәлімдемесінде.

Жеті банкке санкция әсер етеді: ВТБ, "Открытие", "Новикомбанк", "Промсвязьбанк", "Россия", "Совкомбанк" және ВЭБ ("Внешэкономбанк"). Шектеулер осы банктердің клиенті - 50 пайыздан астам ресейлік заңды тұлғаларға да қатысты.
 
SWIFT жаһандық кооператив екенін, бірақ компания тіркелген жері бойынша ЕО және Бельгия заңдарына бағынатынын атап өтті. 

SWIFT - қаржылық транзакциялар туралы хабар алмасу қызметі. Оның көмегімен банктер, соның ішінде орталық банктер, инвестициялық институттар мен компаниялар төлем, сауда-саттық немесе бағалы қағаздар туралы хабарламалармен алмасады. Бұл қызмет 1977 жылдан бері жұмыс істейді, оның бүкіл әлем бойынша 11 мыңнан астам қаржы институттары бар.