18 қаз, 2022 сағат 09:51

Ресейдің Краснодар аймағындағы Ейск қаласына Су-34 әскери ұшағы құлады


Дүйсенбі күні кешке Ресейдің Краснодар аймағының Ейск қаласына әскери ұшақ құлады. Ұшақ тұрғын үйдің іргесіне түсіп, үлкен өрт шыққан. Ұшқыш катапульт арқылы секіріп үлгерген.

Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігінің қазіргі мәліметіне қарағанда, 4 адам өліп, 25 адам жараланған, алты адам хабарсыз кеткен. "Сота" телеграм-арнасы алты адам өліп, 27 адам жараланғанын айтып отыр, деп хабарлайды Азаттық.

Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметіне қарағанда, Су-34 ұшағы жаттығу кезінде құлаған. Катапаультпен секірген ұшқыштың сөзіне қарағанда, ұшып бара жатқанда ұшақ қозғалтқышының бірі істен шыққан. 

Апат куәгерлерінің сөзінше, тоғыз қабат тұрғын үй өртенген. Әзіргі мәліметтерге қарағанда, 72 пәтер жарамсыз боп қалған. 

Әлеуметтік желі қолданушыларының сөзіне қарағанда, ұшақ құлап, үй өртеніп жатқанда бірнеше рет жарылыс болған. Бұл ұшақтағы оқ-дәрі деген болжамдар айтылған. Куәлер сөзінше, жарылыс күшті болғандықтан, жедел жәрдем үйге бірден жақындай алмаған. 

Ресей президенті Владимир Путин аймақ басшыларын апат орнына дереу барып, зардап шеккендерге көмек көрсетуді тапсырған.