Кеше Ресейдің Брянск облысының теміржолында белгісіз жарылғыш зат жарылып, теміржолды істен шығарған. Бұл жөнінде облыс губернаторы Александр Богомаз ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазған.
Губернатор сөзінше, жарылыс Новозыбков пен Злынка станцияларының арасында болып, теміржолға зақым келтірген.
Ресей Украинаға басып кірген соң ұрыс жүріп жатқан жерге жақын Ресей аймақтарында төтенше оқиғалар көбейген. Брянск, Белгород және Курск облыстарының билігі Украина тарапынан оқ атылды деп әлденеше рет мәлімдеген. Тамызда Брянск облысы мектеп оқушыларын онлайн оқуға көшірген.
Украинамен шектесетін Белгород облысы да Украина тарапына оқ атылды деп ұдайы айтып келеді. Украина қорғаныс министрлігі бұл жөнінде пікір білдірмеген. Көршілес Курск облысының билігі халқын окоп қазып үйренуге шақырған.
Украинадағы соғысқа әскери техника апаратын Ресей теміржолдарына жасалған диверсия жөнінде ақпараттар жиі шығады. Оның кейбіріне жауапкершілікті өздерін партизан деп есептейтін топтар алып жүргені байқалады. Бұл топ соғысқа қарсымыз деп есептейді.