01 қаз, 2022 сағат 15:14

Ресейден келетін мигранттар саны азая бастады – ІІМ


Сенбі, 1 қазанда Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов көші-қонның өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов 21-28 қыркүйек аралығында Ресей Федерациясынан ел аумағына келген мигранттар қатарының әдеттегіден 2-3 есе көбейгенін айтты. Тек соңғы екі күнде бұл елден келушілер саны едәуір төмендей бастаған (29 қыркүйекте 22,5 мың адам келсе, 10,1 мың адам шығып кеткен; 30 қыркүйекте – 14,9 мың адам/11,6мың адам). Есептік кезеңде Ресей Федерациясының 382 азаматы тұрақты тұру үшін және 64 азаматы ҚР азаматтығын алуға құжат тапсырған.

Министрдің айтуынша, бүгінгі күні еліміздегі криминогендік жағдай тұрақты. Мигранттар тарапынан Қазақстан азаматтарына қатысты жасалған қылмыстар тіркелмеген. Сонымен қатар ІІМ шетелдік азаматтардың қоғамдық қауіпсіздігін және заңдылығын қамтамасыз етуді бақылауды күшейтті, атап айтқанда, адамдар көп шоғырланатын жерлерде полиция нарядтарының саны артты.  

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов тиісті инфрақұрылымы бар өткізу пункттерінде Қазақстан азаматтары, жүк көлігі және шетелдіктер үшін жеке жол жолақтары бөлінгенін хабарлады.  

«Қазіргі кезде Қазақстан азаматтары үшін шекарадан өту бойынша проблемалар жоқ», — деді ол.  


Премьер-Министр жекелеген өткізу пункттерінде әлі де болса ұзын-сонар кезек барын айтты. 

«Ресейдің шекара қызметімен өзара іс-қимылды күшейту керек, екі жақтан да адамдар жиналып қалмауы үшін бірыңғай алгоритм әзірлеу қажет. Себебі, бұл бизнес пен халықтың орынды наразылығын тудырады», — деді Әлихан Смайылов.  

Сондай-ақ ішкі рейстер, автомобиль және теміржол тасымалы санын арттыру бойынша – индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, ХҚКО жұмысы бойынша – цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, тұрғын үйді жалға алу кезінде азаматтардың құқықтары мен кепілдіктерін түсіндіру бойынша – әділет министрі Қанат Мусин баяндама жасады.  

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев, Қостанай облысы әкімнің орынбасары Ерлан Спанов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы өңірлердегі жағдай туралы айтып берді.  

Баяндамаларды тыңдаған Премьер-Министр жүк және жеңіл көліктердің өтуін жеделдету үшін жүктемесі көп шекаралық өткізу пункттерін кеңейту жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.  


Сондай-ақ Әлихан Смайылов тұрғын үйді жалға алу кезінде азаматтардың құқықтарын түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. 

«Бұл мигранттардың ағынына ғана қатысты емес, жалпы азаматтарымыз өз құқықтарын білуі керек. Egov немесе көп қолданылатын қосымшалар арқылы тараптардың құқықтары мен міндеттерін көрсететін типтік жалға алу шартына цифрлық түрде қол қоюға болатындай етіп жасау қажет. Бұл екі жақтың да құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов.  

Кеңесті қорытындылай келе, Премьер-Министр мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге көші-қон жағдайын реттеу бойынша кешенді және тиімді шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. 

«Бірінші кезекте қазақстандық азаматтар үшін тұрақты «жасыл дәлізді», сондай-ақ тіркелмеген мигранттарды анықтау үшін мобильді мониторингтік топтардың жұмысын қамтамасыз ету қажет», — деді Әлихан Смайылов.  

Сонымен қатар Премьер-Министр Қазақстан азаматтарының арасында да, мигранттар арасында да көші-қон мәселелерін реттеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.