Фото: Экология министрлігі
Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы күрес жұмыстары жалғасуда. Өңірдегі жағдай әлі де күрделі. Қазіргі кезеңде Ресейдің Орынбор облысынан бастау алған көлемді су облысқа 20 сәуір күні келеді деп болжануда. Қазір Жайық өзеніндегі судың деңгейі 776 см құрайды. Яғни, кешегі көрсеткішпен салыстырғанда 8 см-ге артқан, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Осыған байланысты, Жайық өзеніне жақын орналасқан облыстың Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандары мен Орал қаласындағы қауіпті аймақтардан тұрғындар эвакуациялануда. Бұл жайлы БҚО әкімінің баспасөз қызметінің басшысы Ерхан Таткен ОКҚ алаңында өткен брифингте мәлім етті.
Су тасқыны басталғалы бері барлығы 13614 адам эвакуацияланды, оның ішінде 5653-і балалар. Су басқан учаскелерден эвакуацияланған тұрғындарды орналастыру үшін сыйымдылығы 9 мыңға жуық орынға лайықталған 161 уақытша орналастыру пункттері дайындалды. Бүгінгі таңда 15 эвакуациялық пунктте 2 189 адам бар.
"Өңіріміздегі су тасқынына қарсы іс-шараларға облысымыздан және басқа аймақтардан барлығы 6478 адам, 1574 техника жұмылдырылды, оның ішінде 790 арнайы техникалар. ТЖМ және Ұлттық ұланның тікұшақтарының экипаждары дайын, олар қажет болған жағдайда гуманитарлық көмекті жеткізуді жүзеге асырады және апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізеді. Өңірімізге Үкімет басшысы іс-сапармен келіп, облыстың су тасқынына дайындық барысын тексеруде. Су тасқыны жағдайы сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің бақылауында, ол күн сайын су басқан аумақтарға барып, жедел штабты өзі басқаруда", – деді спикер.
Бұдан бөлек, облыста тұрғындардың тіршілігін қамтамасыз ететін стратегиялық нысандарды қорғау шаралары күшейтілді. Атап айтқанда, Оралда "Батыс су арнасы" ЖШС, "Жайықжылуэнерго" АҚ, Электр желілері және Көгілдір отынмен қамтамасыз ететін нысандар мен т.б объектілерде тасқынға қарсы жұмыстар күшейтілді.
Жайық өзені бойындағы стратегиялық нысандарды су тасқынынан қорғау үшін бөгеттерді нығайту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ бұл кәсіпорындар қазір қалыпты режімде жұмыс істеп тұр. Қала тұрғындарын сумен қамтамасыз ету жұмыстары алдын ала қолға алынған.