28 жел, 2021 сағат 14:22

Ресейден әлі 4-5 жыл бойы электр қуатын импорттаймыз - министр


Ресейден электр қуатын импорттау қашанға дейін жалғасады? ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевке орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай сұрақ қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ресейден электр энергиясын импорттауды жоспарлап отырмыз ба деген мәселеге келсек, иә, жоспарлап отырмыз. Өйткені қажетті көлем керек. Қазірдің өзінде Ресей Федерациясындағы әріптестерімізбен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Көлеміне келсек, орта есеппен тәуліктің уақытына қарай 500-1000 МВт көлемінде құбылады деп есептеп отырмыз. Бағасы бойынша келіссөз әлі жүріп жатыр», - деген министр бұл жұмыс жеке компаниялардың күшімен іске асатынын еске салды. 

Сондай-ақ, ол елде энергетикалық баланс сақтау үшін импорт қажет екенін атады.

«Импорт қашанға дейін жалғасады? Біз дайындаған энергетикалық баланс бойынша электр қуатының тапшылығы алдағы 4-5 жылда сақталады. Мәселе энергетика саласының айтарлықтай иннерциялы сала екендігінде. Яғни, кез келген станса салу кем дегенде 4-5 жылға созылады. Осыған байланысты электр энергиясын тағы 4-5 жыл импорттаймыз», -деді Мағзұм Мырзағалиев.