12 қыр, 2023 сағат 14:53

Ресейде ұшақ апатты жағдайда егіс алқабына қонды - видео

Фото: АиФ-Новосибирск - Аргументы и Факты

Сочи – Омбы бағытында ұшқан "Уральские авиалиний" компаниясының Airbus A320 жолаушылар ұшағы Новосібір облысының Убинск ауданындағы егіс алқабына шұғыл қонды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

РИА Новости агенттігінің дерегінше, төтенше жағдай Мәскеу уақытымен сағат 05.44-те (Астана уақытымен 08.44) болды.

Алдын ала мәлімет бойынша, әуе кемесі апатты жағдай туралы дыбыстық сигнал берген, содан кейін радардан жоғалып кеткен.

БАҚ-тың жазуынша, ұшақтың апатты түрде қонуына ұшу кезінде гидравликалық жүйенің істен шығуы себеп болған.

"Нақтыланған ақпарат бойынша ұшақ бортында 167 адам болған, оның 23-і бала. Сондай-ақ 6 экипаж мүшесі бар" - делінген Ресей ТЖМ аймақ бойынша басқармасының хабарламасында.

Ал Baza телеграм-каналының мәліметінше, ұшақ бортында Қазақстанның төрт азаматы болған.


"Борттағылардың барлығы эвакуацияланды, ешкім зардап шекпеді. Оларды дәрігерлер тексерді, бірақ ешкімге көмек қажет болмады.

Жедел қызметтер ұшақтың өртенбегенін, жерде де ешқандай зақым келмегенін хабарлады.

Жолаушылар жақын маңдағы елді мекеннің мәдениет үйіне уақытша орналастырылды. Көмек көрсету үшін Омбыдан Ан-26 ұшағы шықты, төтенше жағдай аумағына автобустар жөнелтілді.

Прокуратура ұшу қауіпсіздігі туралы заңнаманың орындалуын тексеруге кірісті" - деп жазады Sputnik Қазақстан сайты.