06 қаз, 2022 сағат 10:02

Ресейде мобилизациядан жалтару бойынша алғашқы қылмыстық іс қозғалды


Ресейде мобилизация кезінде әскери борышын өтеуден жалтару дерегі бойынша алғашқы қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Ресей Федерациясының Тергеу комитеті мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Известия" басылымына сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, 23 қыркүйекте әскери есепте тұрған 32 жастағы Пенза қаласының тұрғыны 26 қыркүйек Пенза облысы Кондольский ауылдық кеңесінің әкімшілігіне шақырту алған. Ол ішінара мобилизация шеңберінде әскери комиссариатқа жіберілуі қажет болған.

"Әскери қызметтен босатуға заңды негіз болмаса да, ол шақырту бойынша келген жоқ", - делінген хабарламада.

Ер адамға қатысты 328-баптың 1-бөлігі "Әскери қызметке шақырудан жалтару" бойынша екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылатын іс қозғалды.

Ведомствоның ресми мәлімдемесінен бұрын ресейлік заңгер Павел Чиков Telegram-арнасында ер адамның ОМОН-ның күшімен ұсталғанын және уақытша ұстау изоляторында екінші күн жатқанын хабарлады.