Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мәжілістің жалпы отырысынан кейін кулуарда журналистердің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz порталына сілтеме жасап.
"Украина мен Ресей арасында соғыс болып жатыр. Оны сіз білесіз. Қазақстандықтарды Ресей пропагандасынан қалай қорғаймыз? Ресейлік телеарналары шектеу қою керек пе? Бүгінде Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін қалай қорғауға болады?" – деп сұрады журналистердің бірі министрден.
"Әрине, ақпараттық қауіпсіздік - басым бағыттарымыздың бірі. Бірақ біз оларды тек соттың үкімімен ғана шектей аламыз. Осыған байланысты азаматтарымыздың шағымы мен сот үкімі болса, біз оны орындаймыз. Заң бұзылған жағдайда соттың шешімі болса, біз оны орындаймыз. Қазір жалпы мониторинг жасап отырмыз. Бұған қатысты көптеген мәселе Сыртқы істер министрлігінің құзыретінде, - деп жауап берді Дархан Қыдырәлі.
Министр Қазақстан азаматтарының дұрыс ақпарат алуы маңызды екенін атап өтті. Оның айтуына қарағанда, министрлік өз бетінше шектеумен айналыспайды.
"Жалпы қазір азаматтардың пікірін көріп отырмыз. Мониторинг жүргізіп жатырмыз. Ал шектеуді соттың шешімі болса, қарастырамыз", - деп толықтырды ол.