Фото: Twitter / @Podolyak_M
Украина мен Ресей делегациялары арасындағы келіссөздер видео форматында үздіксіз жалғасып жатыр. Бұл туралы Twitter-де Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Ресей делегациясымен арадағы келіссөздер видео форматында үздіксіз жалғасып жатыр. Арнайы жұмыс топтары құрылды", - деп жазды ол.
Ресей президенті Владимир Путин 12 наурызда телефон арқылы сөйлесу барысында Франция президенті Эммануэль Макрон мен Германия канцлері Олаф Шольцке "кейінгі күндері" "Ресей мен Украина өкілдерінің бірқатар келіссөзі өткенін" айтты.
"Укринформ" басылымының мәліметінше, Украина президенті Владимир Зеленский 12 наурызда өткен баспасөз мәслихатында келіссөздер барысы туралы былай деп түсіндірген: "украиналықтар мен Ресей өкілдері басқа да мәселелерді талқылап жатыр, ультиматум қоймастан, бірнәрсе туралы айта бастады".
Еске салайық, келіссөздердің алғашқы үш раунды Беларусьте өтті: 28 ақпанда - Гомель облысында, 3 және 7 наурызда - Брест облысының Беловеж тоғайында. Бұған дейін екінші раунд барысында тараптар азаматтарды эвакуациялау, азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу үшін гуманитарлық дәліздерді бірлесіп қамтамасыз ету бойынша келісімге қол жеткізген болатын.
706 рет оқылды