02 нау, 2022 сағат 16:44

Ресей қорғаныс министрлігі Херсонды басып алғанын мәлімдеді

Украинаның Херсон қаласы. 23 ақпан 2022 жыл.

Ресей әскері Украинаның Херсон қаласын басып алды. Сәрсенбі күні Ресей қорғаныс министрлігі осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы Азаттық жазады.

Украинаның оңтүстігіндегі облыс орталығында 300 мың адам тұрады.

Украина жағы қала Ресей әскеріне берілді деген мәліметті растамады. Қала мэрі Фейсбукте "біз әлі де Украинамыз" деп жазды.

Херсон облысында ұрыстар 24 ақпанда басталған, келесі күні ресейлік жауынгерлер стратегиялық маңызды Антон көпіріне бақылау орнатты. 1 наурызда қала мэрі Игорь Колыхаев әкімшілік орталық қоршауда қалғанын, алайда украин билігінің бақылауында екенін мәлімдеді.

1 наурызда кешке Колыхаев Азаттық радиосының Украин қызметіне сұхбат беріп, қаланың қатты қирағанын, жауынгерлер мен бейбіт тұрғындар опат болғанын айтты. 2 наурызда таңертең ол қала тұрғындарынан көшеге шықпауын, атыспауын сұрады.