17 қаз, 2022 сағат 16:37

Ресей Киев пен Одессаға камикадзе дронмен шабуыл жасады

Киевке шабуыл жасаған Ресейдің камикадзе дроны, 17 қазан 2022 жыл

Киев мэрі Виталий Кличко дүйсенбі күні таңертең Украина астанасына камикадзе дрон шабуыл жасағанын хабарлады. Бірнеше ғимарат зақымданған, зардап шеккендер туралы әзірге ақпарат жоқ, деп жазады Азаттық.

Кличконың сөзіне қарағанда, Киев орталындағы Шевченко ауданында бірнеше жарылыс болып, тұрғын үйлер қираған. Бір үйдің астында адам қалған.

Тұрғын үйлерге түскен бомба туралы видеоны Украина президенті Владимир Зеленский де жариялады. Ол "жау бейбіт халыққа террор жасады" деп жазған.

Мұнан өзге "Укрэнерго" компаниясының кеңсесіне де соққы жасалған. Тағы бір бомба теміржол вокзалы маңына түскен.

Кличко дрондардың бірінен қалған сынықтың суретін жариялады. Онда "Герань-2" деген жазу бар. Ресей Иранның Shahed-136 камикадзе дронын осылай атайды.

Дүйсенбі таңертең камикадзе дрон Одесса қаласына да соққы жасаған. Қала инфрақұрылымына зиян келтірген, әзірге егжей-тегжейлі ақпарат жоқ.

Харьковте 17 қазанда таңертең метро мен жер үстіндегі электр көліктері жұмысын тоқтатқан, Харьков пен Харьков облысының бірқатар аудандарында жарық сөнген. Бұл жөнінде "Суспільне" хабарлады. Харьковке бұдан өзге соққы жасалғаны туралы әзірге хабар жоқ, мұның алдында қаланың энергетика нысандары атқыланған еді.

Бұған дейін камикадзе дрондар Николаевқа шабуыл жасап, үлкен өрт шыққан. Украина фармацевтика қоймасы мен өнеркәсіп инфрақұрылымына зақым келгенін хабарлаған. Ресей БАҚ-тары жанар май қоймасы жарылды деп жазған.

Ресей Украина қалаларына Иранның камикадзе дрондарымен әлденеше рет шабуыл жасаған. Қыркүйекте Одесса мен Одесса облысына бірнеше соққы берген. 15 қазанда Запорожье облысының басшысы Александр Старух осы облысқа камикадзе дрон төрт соққы жасағанын мәлімдеген. Тамыз айының соңында The Washington Post басылым Ресей Ираннан Shahed-136 камикадзе дронын әкеле бастағанын хабарлаған. Иран мен Ресей бұл хабарды жоққа шығарған.