2025 жылы Қазақстандағы Іле-Балқаш қорығына Ресейден үш Амур жолбарысы әкелінеді. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі.
Оның айтуынша, қазір 415 мың гектар аумақта Іле-Балқаш қорығы құрылған. Ал қыркүйекте Ресейде өткен экономикалық форумда екі тарап меморандумға қол қойды. Қазір жол картасы әзірленіп жатыр.
"2025 жылы біз алғашқы Амур жолбарыстарын әкелуді жоспарлап отырмыз. Олардың екеуі ұрғашы, біреуі еркек. Тиісті жұмыс қазір жүріп жатыр. Жемшөп қоры дайын. Қабандар мен еліктер де жетерлік", - деді Брекешев Мәжіліс кулуарында.
Бұл ретте журналистер қорық маңында тұратын халықтың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілетінін сұрады.
"Мен жабайы аңдар үшін кепілдік бере алмаймын. Біз резерват құру жайлы айтып отырмыз. Сол себепті жолбарыстар азаматтарымызға қауіп төндіреді деп санамаймын", - деді ол.
Министрдің айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасында жолбарыстардың ақысына қатысты ешқандай уағдаластық жоқ. Өйткені көрші ел жыртқыштарды тегін береді.
"Ресей бізге оны тегін береді. Сол себепті бұл жерде ақша төлеу мәселесі тұрған жоқ", - деп нақтылады Брекешев.
Сондай-ақ Экология министрі "Амур жолбарысы Тұран жолбарысына қалай айналады" деген сұраққа жауап берді.
"Біздің ғалымдар ДНҚ бойынша Амур жолбарысы Тұран жолбарысына қатты ұқсайтынын анықтады. Сол себепті Амур жолбарысын Іле-Балқаш қорығының аумағына көшіру туралы шешім қабылданды", - деді ведомство басшысы.