14 нау, 2022 сағат 18:04

Ресей әрекеттері жаңа әлемдік тәртіп құру қажет екенін көрсетті - Жапония премьері


Жапония премьер-министрі Фумио Кисида Ресейдің Украинадағы әрекеті жаңа әлемдік тәртіпті қалыптастыру қажет екенін көрсеткенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі The Mainichi басылымына сілтеме жасап.

Жапон үкіметі басшысының айтуынша, мұның қажеттілігі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі саналатын "Ресейдің агрессив әрекеттерінен" туындап отыр.

"Халықаралық қоғамдастықта бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауда орасан зор жауапкершілік жүктелген БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі Ресейдің агрессив әрекеттері жаңа әлемдік тәртіпті құру қажеттілігін көрсетеді", - деді премьер-министр.

Саясаткер Жапония БҰҰ-ның осы органын реформалауды, атап айтқанда, вето құқығы иелерін қайта қарауды бұрыннан қолдағанын еске салды.

"Қауіпсіздік кеңесін реформалау, оның ішінде вето құқығы мәселесі оңай мәселе емес, бірақ осы мәселе бойынша талқылауды жалғастыру үшін басқа елдермен ынтымақтастықты жалғастырғымыз келеді", - деді Кисида.

Бұған дейін Жапония Украинадағы жағдайға байланысты Ресейге қарсы санкциялар салатынын хабарлаған болатын. Билік әскери өнеркәсіппен байланысты ресейлік ұйымдарға жартылай өткізгіштерді экспорттауға шектеулер қояды. Сондай-ақ, ресейліктердің қаржысы бұғатталып, виза беруге тыйым салынады. Бұған қоса, Жапония Беларусь үкіметінің жоғары лауазымды шенеуніктеріне қарсы санкциялар салу мүмкіндігін қарастырып жатыр.