07 қар, 2022 сағат 17:21

Рақымшылық: 5 күдіктіге қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды


Қаңтар оқиғасы бойынша 5 күдіктіге қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық қудалау қызметі басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алдын ала мәліметтерге сәйкес, рақымшылық шарасымен шамамен 1,5 мыңға жуық адам қамтылмақ. Бас прокуратура жергілікті прокурорларға «Рақымшылық жасау» Заңы нормаларының біркелкі қолданылуын және қатаң заңдылықты сақтауды қамтамасыз ету туралы тапсырма берілді», - деді Қилымжанов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, қазіргі кезде жазаны орындайтын органдар 878 сотталғанға қатысты соттарға қамау мерзімін қысқарту және жазадан босату туралы ұсыныстар жолдады.

«Тергеу органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында орта дәрежелі қылмысты жасаған 5 күдіктіге қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатты. Қалғандары ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасаған, оларға рақымшылық сот тәртібімен қолданылатын болады», - деді Бас прокуратура өкілі.

Осы орайда оларға қатысты берілген жазалардың мерзімі қайта қаралмақ.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 2 қарашада Мемлекет басшысы «Рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.