05 ақп, 2018 сағат 11:27

Рахымжан Отарбаев. Бақытсыз елдің батырлары көп...

Бір надан Шыңғыс ханды адай деп дәлел ұсынады. Екіншісі жалайыр, келесісі қоңырат деп… Сондағы ойлары не? Әлемде ұлы қаһан жайлы 2700-дей көркем туынды, деректі, зерттеу еңбек жарық көрген. Жаңалық ашылып біткен, жанкешті ағайын!

Бір ұлттың сыйынары мен сүйенерінде шаруаларың қандай? Ол сендердің өз ойларыңмен өлшеп-пішкен кішкентай рулық көрпелеріңе сияр тұлға емес!

***

Шыңғыс ханға ұлы Жошының өлімін Кетбұға күйші естіртеді деседі. Рас дерек шығар. Өйткені сай-сүйегіңді үккен «Ақсақ құлан-Жошы хан» күйі қалды.

Мен білсем, Кетбұға екеу. Бірі күйші болса, бірі – батыр, қолбасшы. Олай дейтінім, қалың моңғол қолы парсы жұртын бағындырып, Мысырға шабуыл бастайтын еді ғой. Сонда әскер басында тағы да Кетбұға жүреді. Бұл тарихи дерек.

Ал біздің зерттеушілеріміз осы екі тұлғаны бір адам деп қарастырады. Қиыспайтын тұсы көп.

***

«Қасқыр да қас қылмайды жолдасына». Осы әдемі сөзді қазақ айтқан. Түз тағысының мәрт мінезін, адалдығын дөп басқан. Ал осыны айтқан қазақтың бір-біріне жасаған қастығы аз емес. Парадокс!

***

Мысырға барғанымда «Қайтпай» мешітінің бас имамы, діни ғұламаға сауал бердім.

— Ғұлама, көптен көкейімде жүрген бір түйткіл бар. Алланың ризашылығынсыз шөп басы да сынбайды. Рас па? – дедім.

— Дұрыс айтасыз.

— Адамның бар тағдыры Алланың әмірімен туғанда пешенесіне (маңдайына) жазылды дейді.

— Алхамдулла, солай.

— Адамзат баласы ол жазудан қия баспайды. Сол сызықпен жүре ме?

— Расы сол.

— Ендеше, жауап берсеңіз, мен кез келген қылмыс, зорлық-зомбылыққа қарсы адаммын. Бірақ өмірде алуан жайттар жолығып жатады. Мәселен, біреу кісі өлтірді, қан төкті дейік. Оны жазалаймыз. Не үшін? Аллекем о баста оның маңдайына сондай қылмыс жасауды жазған жоқ па? Ол тек соны ғана орындады. Басқа жазығы жоқ. О дүниеде Алла да өз бұйрығына өзі қарсы шығып, ол қылмыскерді тозаққа жібермейтін шығар?..

Ғұлама ұзақ ойланды. Бетіме сынай қарады. Сәлдесін түзеді. Өз сұрағыма өзім қысыла бастадым.

— Әрине, жоғарғы, төменгі ақыл иесі дегенді білемін. Біз төменгі сатыдамыз…

— Дұрыс айтасыз, – деді ғұлама күлімсіреп. – Бірақ сауалыңыз орынды. Каирда әлі қанша күн боласыз?

— Екі-ақ күн.

— Әттең, аз екен. Келесі жұма намазда алуан білім иелері осында бас қосады. Жаңағы сауалыңызды соларға бергенде… Бір жауабын алып қалар едіңіз. Айып етпеңіз. Риза көңілмен аттаныңыз.

Осымен хош айтыстық.

***

Қожайынның қолын жалап, қораға үретін төбеттердің даусы неткен аянышты…

***

Бақытсыз елдің батырлары көп. Олар соны әлі күнге қорғаныш көреді.

***

Қалмақтың тұтқынында екі жыл жатқан Абылай ханды қазақтың билері барып құтқарып алған. Қалдан Серенді сөзден жеңіп, босаттырған дегенді өзге емес, біздің тарихшыларымыз айтады. Адамның беті осындайда қызарады, ұялғаннан. Сонда олар Колесниковтың кітабын оқымаған-ау. Орыс құтқарады, орыс!

***

Абылай ханның Түркістан қабірстанынан таптық деген бас сүйегін Ресей антропологтары қалыптады. Мүсініне қараңызшы. Ауылдың суайт, сумақай шалдары болатын, солардан аумай қалыпты. Мен білсем, бұл аты аңызға айналған Абылайдың бас сүйегі емес!

***

Торғайлық Жұматай Сабыржанов деген журналист, жазушы өткен. Жаны жақын, рухы биік азамат еді. Әттең, ғұмыры қысқа болды. Мынау заманға, қоғамға деген сыни көзқарастары ылғи да жетпей тұрады.

***

Егіздің сыңары қайтыс болған. Біздің ауылдың бір аңқауы көшеде біреуін көріп қалып сұрайды дейді:

– Өлген қайсысың? Сен бе, ол ма? – деп.

***

Қаланың баласы ауылға барса күлкі болады, ауылдың баласы қалаға келсе түлкі болады.

***

Аз ми көтеріп жүруге жеңіл. Осы жігіт сосын да басын қайта-қайта қақшаңдата береді, білем.

***

Темір мен масты қызған кезде соққан дұрыс.

***

Әдемі қаламсаптар бар. Көргенде – көзің, ұстағанда қолың қуанады. Бірақ жазбайды. Сиясы сапасыз иә таусылған. Кей ағаларым сияқты…

***
Біздің елдің саясаты көп байға тиген әйелдің қылығын еске салады.

***
Жорғаның қадірін желгенде білетін, жақсының қадірін өлгенде білетін не деген қасқа халықпыз?!

***
Қонаққа барғанбыз. Ағамыз күндей күркіреп, жеңгеміз найзағай боп ойнап, ғазиз басымызды от пен судың ортасынан әрең алып шықтық.

***
Жүргіштеу қыз екен. Әсіресе шетелден келгендерге әуес. Сонысымен-ақ дәулет жинапты. Бір жолы кітабымды алдыма тосып, қолтаңба сұраған. «Тон кием деп қайыстан, тоғыз түрікпен сайысқан батыр қарындасыма ризалық көңілден» деген тілек жаздым. Қолымды қойдым. Алғыс айтып кетті.

***

Ақсақалдар түшкіріп жіберсе тау жарылып кетердей боп тұр…

***
Италия сапарында бір топ үндісті кездестірдім. Қала орталығында ән салып, садақа жинап тұрды. Әйел, еркегі, бала-шағасы – бәрі, бәрі… Жандарына барып ұзақ тұрдым. Еркін сөйлесер тіл жоқ. Ыммен не айтуға болады? Сосын «Ай» дедім. Олар да осы сөзді қайталап, сұқ саусағымен аспанды түртті. Ата, алма, балта, қайық, тау деп шұбырта жөнеліп ем. Әлгілер абдырап, уда-шу боп мені ортаға алсын. Ағайындарын көргендей аңқылдап әңгіме айтып жатты. Қимай қоштастық.
Түбіміз бір туыс екеніміз рас қой.

***
Тышқан дәнді ініне тасиды, біздің биліктегілер қолына түскен ақшаны шетелге тасиды.

***

«Түрікмен төрін бермейді» деп жатамыз. Жоқ, олай емес. Олар үлкен ғып текемет басқанда бетіне әр рудың таңбасын қоса салады. Мысалы, теке, сонан соң жәуміт… осылай кете береді. Келген қонақ сол өз таңбасының үстіне отыруы тиіс. Басқа рудың таңбасына құйрық басуға болмайды. Бұл жазылмаған заңдылық!

Мәселен, сіз құдайы қонақ боп келе қалдыңыз дейік. Ақбоз үйде өңшең түрікмен шалдары отыр. Сізге ешқайсысы да ығысып орын бермейді. Өз таңбасының үстіне отырғызбайды. Ендеше, іргеге жайғасыңыз. Ол жерде құлын жарғақ төсеулі жатыр. Міне, әлгі сөздің құпиясы осы.
Бұл да бір тектіліктің көрінісі-ау!

***
«Я, Құдай! Бізді шайтаннан, құйрықты жұлдыздан, түріктерден сақтай гөр!» XIV-XVI ғғ. Еуропа халықтарының дұғасы.

***

Бұл заманда біреудің ойы Байронда, біреудің ойы айранда.

***
Иманғали кездесіп хал сұрады.
Жақсы, – дедім. – Бір бұтым – Жайықта, бір бұтым – қайықта.

***
Рулық деңгейдегі ел ұлт болып ұйымайды. Үндістердің де трагедиясы осында!

***
Жан-жағымнан қырық қарға қарқылдады. Орталарына бір тасты жіберейін дегенмін. Олардың басын емес, жазығы жоқ тасты аядым.

***
«Бір байдың жұртына екі тышқан таласыпты» деген бала күнде естіген ертегі бар-ды.
Ертегі де нақты өмірден көрініс табады екен-ау…

***
Кей-кейде Құрманғазы көкемнің «Сарыарқа» күйіндей жұлқынып, дабылдатып кететінім бар. Адам туған топырағы мен табиғатынан аса алмайтыны, рас, білем.

***
Сүмелек біреу мен жайлы жазып, аузына ақ ит кіріп, көк ит шығыпты. Мынау, шынында да, ит екен ғой деп жүдә қуанып қалдым.

***
Түрікмендер ұлттық қазынаға аса сақ. Бренд деп күні-түні бірдей күзетеді. Мәселен, сіз қай ұлт болсаңыз да бәрібір, түрікменнің бір күлімкөз гөзаліне ғашық болдыңыз делік. Үйленгіңіз келді. Кешіріңіз, алдымен үкіметке қалыңмал есебінен 50 мың доллар төлейсіз. Ал қыздың әке-шешесі, ағайын-тумасымен өзіңіз келісе беріңіз. Әйтпесе қыз жоқ. Шекарадан аттап бастырмайды. Сол сияқты ақалтеке мен алабайы, нәзік ою-өрнекке малынған кілемі де сондай құрметте. Бұл олардың ұлттық мақтанышы. Жол-жөнекей қолтыққа қысып кете алмайсыз. Міне, өз-өзін құрметтеген елдің көрінісі.
Бізде ше? Қазақта бәрі де бар, бәрі де жоқ!
Әкет, тасы, үйлен, құрт, жой, қызығына бат! Кім қолыңнан қағар екен?! Жалаңаш құйрығыңмен тақырға отырған соң ес жиғаның кімге керек?..

***

Өткен ғасырдың 70-жылдары ноғайдан Қадырия Темірбулатова деген ақын қыз шықты. Аса талантты. Өзі де көрікті, жарқырап туған ару еді. Москвада екі кітабы үсті-үстіне жарық көріп, дүйім елді аузына қаратқан. Әттең… Алыс құрлыққа, Дүниежүзі жастарының фестиваліне аттанғалы жатқанда қапияда қаза болды. Қалай дейсіз ғой? Түн ішінде Мақашқаладағы үйінің есік-терезесін бітеп, тірілей өртеп жіберді. Куә да, кінәлі де жоқ. Тым-тырыс қалды… Кетті-ау, менің ноғайым!

***

Москвада бір түрікмен жігітпен әңгімелесіп қалдым. Ұзын бойлы, көрікті. Ата сақалды бұлар иегіне оздырмай тамақтан қояды. Бәрі-бәрі бойына жарасып тұрды. Кәсіпкер екен. Сөзіміз үйлесіп жүре берді.
– Сен бізге жиен болғанмен, тегің қазақ қой, – деп әңгіме бастады. – Бос сөзге үйір халық екенсіңдер.
Бұлардың уәдешіл, мәрт, ешкімді сатпайтын ел екенін білсем де, шамданып қалдым.
– Дәлелмен сөйле.
– Айтайын, – деді нағашым. – Кешегі 2000 жылдары бір қазақ азаматымен бірігіп бизнес жасадым. Қолымыз жүріп берді. Табыс түсіп жатты. Бір принципті мәселеге келгенде екеуміздің ойымыз екіге жарылып, ерегістік те қалдық. Дау қызған сәтте қазағым «Мен сені өлтірем. Қаныңды ішем!» десін. Шошып кеттім. «Өлтір!» деп қарсы алдына тұра қалдым. Жоқ, өлтірер емес. Мен тосып тұрмын. Кейін сабасына түскен соң сұрадым. «Неге айтқаныңды орындамадың?» – деп. «Е, жай сені қорқытайын деп айтқанмын», – деп қарап тұр. Сосын қой, мынау маған жолдас болмайды екен деп іргемді аулақ салдым.
– Неге?
– Түрікмендер текке сөйлемейді. Қастасқан дұшпанын өлтірем деді ме – өлтіруі тиіс. Оны істемесе ез деген ат алады. Ешкім оны адам қатарына қоспайды. Санаттан шығарады. Тіпті өз ажалы да сол өз сөзінен келуі ғажап емес. Солай, жиен! Сөзге сақ болу керек.
Үнсіз мойындадым.

***

Мақашқалада (Дағыстан) ноғай ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі Сражаддин Батыров деген азамат өтті. Жігіттің төресі еді. Өзі әнші, биші әрі ақын. Алматыға келген сапарында танысып, достасып ек.

– Ноғайдың басына нәубет орнады. Санымыз санаулы, бар-жоғы алпыс мың ек. Оның өзі төрт аймақта шашырап жүр. Минвода қаласынан күніне он бес минут ноғай тілінде хабар беріледі. Мектеп жоққа тән. Тіліміз шұбар ала. Қыздарымыз кім көрінгенге тиіп кетіп жатыр. Түбіміз бір, тегіміз ортақ, бізді Қазақстанға қосып алсаңдаршы. Құрып бітуге айналдық қой. Жатқа жайған құшақтарың бізге келгенде қусырылып қалатыны несі? Бір туған қазағым-ау…
Жылап отыр екен. Жұбатар сөз таба алмадым.

***
Ғайса пайғамбар: «Мен өлген адамға дем салып, жан кіргізген кезім болған. Бірақ Құдай топас ғып жаратқан адамның ешқайсысына ақыл кіргізе алмадым», – деген.

***
Қазірде тасқа емес, оқыған топасқа сүрінетін болдық.

***
Есі бар ел есуасын да түгендейді. Біз қай есепте жүр екенбіз?

***
Бәрі бай-бағланның қолында, ал сенде қара бақыр да болмаса, ол елді Отаным деп есептеуге бола ма?..

***
Халық ақшаның тілін білгенмен, адамның тілін білмейтіндерден шаршады.

***
Ұят – біреу. Бет – екеу. Қалай жеткізерсің.

***
Ұят адаммен бірге туып, бұрын өледі.

***
Ұят – тауар емес. Бірақ дефицит!

***
Көр қазған мен бас жазғанның сауабы бірдей.

***
«Қазақ байыса қатын алады» деуші еді. Қазіргі жаңа қазақтар қатынды «движимый» деп есептеп, недвижимость алып алды.

***
Әрі қарап жылап, бері қарап күліп қашанға дейін жүрер екенбіз?!

***
Ал да қаш деген ұлттық ойын қызып тұр. Мәресі мен сөресі көрінбейді.

***
«Ай шалқасынан туса, күн салқын болады» деп жорып, «Мә, саған!» деп қолындағы таяғын соған қарай лақтыратын аңқау шалдардың ұрпағы ек. Заман – түлкі. Біз кім болып шалар екенбіз?!

***
Ит ине жеп өледі, бөрі оқ жеп өледі, ашқарақ бизнесмен кредит жеп өледі.

***
Мысық май тауып алса, қайда барып жерін білмей жүгіретін. Кей министрліктегі клерктер де сол – таңертеңнен кешке дейін қолдарына екі-үш бет қағазды ұстап алып, әр кабинетке бір кіріп, жұмыс күнін аяқтайды.

***
Құтылғанмен застойдан, құтылмадық ас-тойдан.

***
Ертеңгі жер құйрықтан бүгінгі өкпені тәтті көріп жүрміз.

***
Өңкей чиновниктермен, көзін шел басқан байшыкештермен, құл-құтанмен, сұрқай базаршылармен қай қақпаға барып тірелер екенбіз?!

***
Шындықтың да бақыт сияқты кеш келетіні-ай!

***
Табынып та, таңырқап та болдым. Өз еркім өзіме тисін. Рұқсат етіңіздер.

***
Ұстазға табына берсең мәңгірт боп қалу қиын емес.

***
Ой азаттығын аңсап ем, алдым – жар, артым өрт екен.

***
Ақсақал адам домбырамен нақыл термені төгіп отыр.
– Біріншіде не жаман…
– Екіншіде не жаман…
– Үшіншіде не жаман…
– Қойшы, көке, шаршадым, – дедім. – Жүрегім айниды.

***
Мал бағып, мақал шығарып жүргенде көп жаңалықтан көз жазып қалыппыз.

***
Қазақтың қайғысы қарны тойған жерде қалады.

***
Жолбарыс көрсең құйрығынан ұстап айырылма. Айырылсаң өзіңді жарып тастайды… Жарылып, жайрап қалғандар аз ба?

***
Мені біреулер мінезсіз дейді. Мінез деген айналайын ғой. Мінезі жоқтардан қорқу керек. Олар жол таңдамайды, жағдай таңдайды.

***
Қазақстанның қорасы ашық-тесік жатыр. Кім көрінген кіріп-шығуда. Даусы жуан бір төбетті байлап қояр ма еді?!

***

1989 жылы «Дүние ғайып» деген повесть жаздым. Сібірді жайлаған эскимостардың өмірінен. Басты кейіпкерім – Айнан мен Емрон. Қақаған қыс іші. Алатаңмен жолға шығып, екі селоның ортасында адасады. Шанаға жеккендері жеті ит. Топ бастаушы ақ ит. Әбден тарыққан сәтте төбелерінен самолет ұшады. Бұлар «құтқар, алып кет» деп айқайлап жүгіреді. Қарайды ма? Ақыры ақ ит өліп, жетек басына қызыл ит келеді. Ол тіптен адастырады. Айнан мен Емрон төбелесіп жатады…

Оқиғаның бәрін тізіп қайтемін. Кеңес дәуірінің қырағы көзінен осы повестің қалай өтіп кеткеніне таңмын. Сол жазылған жылы «Жалын» журналына жарияланған. Ақ, қызыл ит деп нені меңзегенім түсінікті. Айнан, Емрон – халық. Адасып жүр. Ал көкте кетіп бара жатқан самолет Орталық комитеттің саяси бюро мүшелері еді ғой. Ойбай қаққан халыққа артындағы қызыл шамын көрсетіп кететін, яғни қолын шығарып бара жатты.

Бір кеште атақты ақын Темірхан Медетбеков кездесіп:
– Әбіш ағаң (Кекілбаев) повесіңді оқыпты, мақтады. «Талантты жігіт қой, сақ болсын, айта бар» деді, – деп сәлемін жеткізді. Ішім қылп ете түсті. Сұңғыла ғой, астарын сезген екен. Ол кезде аға Қонаевтың қарауында сектор меңгерушісі.

Өзгелер оқымады иә көзге ұрып тұрған саяси жүйеге қарсылықты жай қарсылық емес-ау, дұшпандық сөзді түсінбеді. Әйтпесе журналдың бас редакторы Мұхтар Шахановқа да, оны жазған маған да бір сойқан әзір еді. Жай сойқан емес, саяси диссидент боп кете барар ма едім, кім білсін?!

 

Рахымжан ОТАРБАЕВ