16 қаң, 2024 сағат 14:32

Рахат Тұрлыханов 10 тәулікке қамауға алынды

Фото: Rakhat_turlykhanov / Instagram

Сот Рахат Тұрлыхановқа қатысты әйелін ұрып-соққаны үшін әкімшілік қамаққа алу туралы қаулы шығарды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы соттарының ресми парақшасына сілтеме жасап.

"Алматы қалалық соты Рахат Тұрлыхановқа қатысты ұрып-соғу дерегі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық бойынша істі қарауды аяқтады.

Бұған дейін бірінші сатылы сот Р.Тұрлыхановқа қатысты әкімшілік ескерту туралы қаулы шығарған.

Аталған материалды қарау барысында сот алқасы жұбайын бірнеше рет ұрып-соғу фактілерін ескеріп, бірінші сатылы соттың тағайындаған жазасымен келіспеді", - делінген хабарламада.

Осылайша Алматы қалалық сотының алқасы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысын өзгертті.

ӘҚБтК-нің 73-2-бабының 1-1-бөлігі – әкімшілік ескерту немесе 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі жазаны қарастырады.

"Сот алқасының қаулысымен Рахат Тұрлыхановқа қатысты жаза - ескертуден 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға өзгертілді.

Қаулы заңды күшіне енді" - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Рахат Тұрлыхановқа қатысты апелляциялық сот жабық режимде өтті. Айыпталушы мен жәбірленуші судьядан сот отырысына қатысуға келген БАҚ өкілдерін шығарып жіберуді сұрады.

«Құрметті сот, мен сот отырысына журналистердің қатысуына қарсымын. Егер мүмкіндік болса, оларды шығарып жіберуіңізді сұраймын», - деді Тұрлыханов.

Бұл ретте, прокурор мен экс-әншінің қорғаушысы да ерлі-зайыптылардын өтінішін құптады.

Осылайша судья Қанат Молдашев Рахат Тұрлыхановтың ісін жабық режимде қарау туралы шешім қабылдады.