Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты QazСovid-in вакцинасы қоймаларға жіберу үшін ДСМ-нің рұқсатын күтіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жамбыл облысындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья QazСovid-in вакцинасының қолданысқа шығу мерзімі туралы айтты.
«Вакцинаны өндіру үшін алдымен клиникалық зерттеулерді өткізу керек. Сонымен бірінші бірінші, екінші клиникалық зерттеу фазалары өтті. Жақында үшінші фазаның 50 пайыз зерттеулері аяқталады. Одан кейін біз бұл есепті Денсаулық сақтау министрлігіне жіберіп, олардың рұқсаты болғаннан кейін ғана бұл өнімдерді адамдарға бере аламыз», - деген институт басшысы зерттеулердің сәуір айында аяқталатынын айтты.
«Негізінде қазір вакцинаның алғашқы партиясы дайын тұр, биологиялық бақылауда. Адамдарға берместен бұрын оны бірнеше жануарлардың топтарына зерттеуіміз керек. Осы сәуір айының аяғында Денсаулық сақтау министрлігі рұқсатын берген жағдайда мұны «СҚ Фармация»-ның қоймаларына жеткіземіз», - деді Күнсұлу Закарья.