Қазақстандық вакцина салғызған 200-ден астам еріктінің сегізінің ағзасында антидене толық қалыптаспаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері отандық вакцинаның клиникалық сынағына қатысқан еріктілер туралы сұрақ қойды. «Сынаққа қатысқан 202 еріктінің ішінде 8 адамның ағзасында қалайша антидене оянбаған? Оны қалай білдіңіздер», - деген сауалға Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья жауап берді.
«Иммунограмма арқылы антидененің қабілетін көруге болады. Иммунитет анықталған жоқ деген сөздің өзі дұрыс емес. Иммунитет бар, бірақ төмен, біз белгілеген деңгейге жетпеген. Бұл –табиғи ағзаның табиғи үдерісі. Негізінен олар жасы 40-тан асқан адамдар болатын», - деді Кұнсұлу Закария.
Ғалым аталған еріктілердің вирус жұқтырмағанын да атап өтті.
«Олар ауырған жоқ. Ағзаларында антидене толық қалыптаспаса да, төмен шоғыры пайда болды. Еріктілер арасында вирус жұқтырғандар жоқ. Иммундық жауап көптеген факторларға, адам денесінің сол кездегі күйіне, созылмалы ауруларға байланысты. Осы сияқты факторларды есепке алмасақ, еріктілердің ағзасында вакциналардың жекелеген түрлері иммунитет қалыптастыра алады. Ол үшін ағзаның иммундық деңгейін көтеру керек» - деді маман.