Фото: РИА Новости/Reuters
11 мамырдан 12 мамырға қараған түнгі сағат 2.00-де Ресей президенті Владимир Путин ресейлік және шетелдік БАҚ өкілдерінің басын қосып мәлімдеме жасады. Әрине Жеңіс күнінің құрметіне өткен мерекелік парадтың қорытындысы туралы айтылатын бұл кездесу аса бір ыждаһаттылықпен күтілген жоқ еді. Дегенмен Путин журналистер алдында Украинамен арадағы соғыс тақырыбын да және келіссөздер мәселесін де айналап өтпеді. Бұл жолғы мәлімдеме осысымен әлемді өзіне қаратты.
Жалпы, В.Путин шетелдік қонақтарға алғысын айтып, Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ қазіргі геосаяси жағдай, Украинадағы қақтығыс және келіссөздерге дайындық мәселесін айтты.
Украина жерін баса-көктеп кіріп, тас-талқанын шығарып жатқан Ресейдің қазір сүтке тиген мысықтай сүйкімі кеткен. Сондықтан да көптеген ел басшылары бұл мерейтойға келуден бас тартты және салтанатты парад деңгейінде атап өту ұстанымын айыптағандар да болды. Ал өз әскерін парадқа жіберген елдердің әрекетін Путин «жауынгерлік бауырластықтың» белгісі деп сипаттады.
Кремль басшысы Ресейдің бірнеше рет атысты тоқтату туралы бастама көтергенін, бірақ Украина тарапынан бұл ұсыныстар ескерусіз қалғанын айтады. Ол Ресейдің 9 мамырға орай тағы да біржақты түрде атысты тоқтату жариялағанын, бірақ сол күндері Украина шабуылдарын күшейткенін мәлімдеді. Сонымен қатар Ресейдің бейбіт келіссөздерге алдын ала шарттарсыз дайын екенін, бұл қадамға 15 мамырда Стамбулда қайта аяқ басуды ұсынатынын айтады.
Дегенмен Путин өзі тісін қайрап жүрген елдерді тілімен түйреп өтіп, Ресейдің державалық амбициясын көтермелеп қоятын әдетін шетке ысырып, Батыстың кейбір елдерінің антиресейлік риторикасына қарамастан, суверенді ұстанымдағы елдермен сындарлы қарым-қатынас орнатуға үміт білдіретінін атап өтті. Әсіресе Қытаймен стратегиялық серіктестікті ерекше атап өтті.
Қысқаша айтсақ, Путин Жеңіс мерекесін халықаралық ынтымақтастықтың белгісі ретінде бағалап, Украинадағы соғысты тоқтату үшін келіссөздерге дайын екенін айтты және Ресейге достық ниет танытқан елдерге алғыс білдірді. Сондай-ақ Украинаны соғысты тоқтату туралы бастамадан бірнеше мәрте бас тартқанын қайта-қайта айтып, айып тағумен болды.
«Тағы да қайталап айтамын, біз оқ атуды тоқтату жөнінде бірнеше рет қадам жасадық Біз ешқашан Украина тарапымен диалогтан бас тартқан емеспіз. Тағы да еске салайын, 2022 жылы келіссөздерді үзген біз емес, Украина тарапы болды. Осыған байланысты, ешнәрсеге қарамастан, біз Киев билігіне 2022 жылдың соңында олардың тарапынан үзілген келіссөздерді қайта бастауға, тікелей келіссөздерді қайта жандандыруға шақырамыз. Бұл ретте, ерекше атап өтемін – ешқандай алдын ала шарттарсыз», – деді Ресей басшысы.
Путин келіссөздерді кідіріссіз, келесі бейсенбіде, 15 мамырда, бұрын өткізілген және үзілген орын – Стамбулда бастауды ұсынып, Ердоғанмен шұғыл түрде байланысқа шығатынын жеткізді.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский де мәлімдеме жасап, Стамбулға сөзсіз баратынын және Путиннің өзін күтетінін ашып айтты. Бірақ Кремль бұған аса селк ете қоймады. Енді әлем қос президент Түркия жерінде кездесіп, қол алыса ма, әлде тағы да Путин бір айла-шарғысын ойластырып отыр ма деген сұрақтың төңіретінге өз қал-қадерінше ой қорыта бастады.
Ult.kz тілшісі де белгілі саясаттанушы Жанат Момынқұловқа хабарласып, бұл тақырып төңірегіндегі пікірін сұрап-білді. Оның айтуынша, Путиннің Зеленскиймен келіссөздер үстеліне бірге отыра қоюы екіталай. Әдеттегідей сыртқы саясаттағы сенімді серіктерін жіберуі бек ықтимал.
«Менің ойымша, кеше Франция, Ұлыбритания, Польша және Германияның басшылары Украинаға келіп, Зеленскийге өте қуатты қолдау көрсетті. Одан кейін Трамппен телефонмен сөйлесіп, бұлар Путинге отыз күндік атысты тоқтатуды ұсынды. Бұл жолы Зеленский бар, сол маңайдағы еуропалықтар бар, бұлар өздеріне өте сенімді болды. Егер Путин отыз күндік атысты тоқтатуға келіспесе, үлкен санкцияларды салу жөнінде мәселе көтерілді. Және ол мемлекеттерде Ресейдің жүз миллиардтаған доллар қаражаты бұғатталғаны белгілі. Сондықтан да олардың сөзі бір жерден шықты. Сонымен қатар Трамптың ықпалымен Макрон мен Ердоған да сөйлесті. Әңгіме барысында Ердоған «бұл жолы бетбұрысты кезең болатын түрі бар» деп қалды», – дейді Ж.Момынқұлов.
Оның айтуынша, бұл – Сауд Арабиясында болып жатқан дипломатиялық тректі Түркияға қарай бұру. Бұл бір жағынан Ресейге де тиімді көрінеді.
«Ресейдің айтып жүргені де сол, тоқтап қалған Стамбул процесін қайта жалғастыру. Ал енді түркиялық дереккөздер айтқандай, Путин осы бейсенбі күні Зеленскиймен кездесуге келмейді. Өйткені Зеленский өте ұтымды, сенімді сөйледі. Яғни Путинге «Кел, Стамбулдағы кездесуге дайынмын» деп өзінің батылдығын, сенімділігін көрсетті. Ал Путин ондайға бармайды. Ол өзінің дипломатиялық көмекшілерін, СІМ өкілдерін жібермек», – дейді Ж.Момынқұлов.
Яғни саясаттанушы В.Путин келмесе де кездесу болатынын жеткізді. Бірақ келіссөздің келесі раунды неден басталатыны әзірге беймәлім. Екі жақ та қасарысып, тұр.
«Біріншіден, Зеленский мен Еуропа көшбасшылары «30 күнге соғысты тоқтататып, дүйсенбіден бастап ары қарай келісе жатармыз» деген позицияны ұстанып отыр. Ал Ресейдің позициясы: бірінші – кездесейік, сосын барып соғысты тоқтатудың мән-жайын біржолата сөйлесейік дегенге саяды. Енді осыған дейінгі әңгімелерге талдау жасап көрсек, екі тарапты ары-бері ырғаған Трамп келісім процесін белгілі бір жерге дейін алып келді», деген саясаттанушы Путиннің Жеңіс күнін жетістіріп тойлай алмағанын да жасырмады.
Сонымен қатар саясаттанушы Жанат Момынқұлов Ресей майданда күштірек болғандықтан, Путинге кейбір талаптарын соңына дейін іске асыру керек болып тұрғанын алға тартты.
«Қазір Путинге біріншіден Украинаны НАТО-ға кіргізбеу бойынша нақты кепілдеме керек болып тұр. Одан кейін санкцияларды алу. Сонымен қатар кейбір аумақтарды, мәселен Қырымды Украина мойындасын деген сияқты өзінің талаптары бар. Сондықтан да менің ойымша, осы жолы да дипломатиялық кездесу болады, ол Путинсіз өтеді. Барған жағдайда да оған дейін жағдай пісіп-жетілді ме, деген сұрақ туындайды. Менің ойымша, толық пісіп-жетілмеді. Сондықтан да Зеленский Путинді шақыру арқылы өте ұтымды, мықты қадам жасады. Трамп та «Осы жолы көрейік Екі тарап не істейді екен?», деп, көзін шығысқа тастап отыр. Яғни ортақ бір келісімге келе алмаған жағдайда біз басқа да санкция сынды шараларды қолға аламыз деп отыр. Одан бөлек, Еуропадан тағы да қосымша қару-жарақ бермек», – дейді саясаттанушы Жанат Момынқұлов.
Оның айтуынша, дәл қазір Украинаны ешкім орта жолда тастап кетейін деп тұрған жоқ. Еуропалық одақ, оның ар жағындағы АҚШ Украинаны белгілі бір бағанада күшейте бермек. Әскери жағынан да, басқа жағынан да қолдау көрсетіп, Ресейдің ашық талауына беріп қоймас деген үміт бар.
«Өйткені олардың Батыстың мүддесінде Украинаны Ресейге беру тиімсіз. Ал енді Трамптың мәлімдемелеріне келсек, ол қарама-қайшы нәрселердің бәрін айтты. Бірақ дәл қазіргі кезде оның нақты мақсаттары анықталып тұр. Яғни Еуропалық одақты да қауіпке тастайын деп тұрған жоқ. Демек, бұл – осы келіссөздердегі өте бетбұрысты маңызды сәт.
Ресей әрмен қарай соғысады деп ойламаймын. Олар алатын жерін алып болды. Ары қарай жылжи алмай жатыр. Алдағы уақытта Ресей басып алған территорияларын қолдана отырып, осы келіссөздерде барынша дивидендтерін алып қалуға тырысады. Ары қарай соғыс қызады деп ойламаймын. Өйткені Ресей қанша күшін сарқыса да ары қарай соғысты жалғастырудың ешқандай мән-мағынасы қалмады. Менің ойымша, бұлар келісімге келе алады. Өйткені бөлісетін ештеңе қалған жоқ. Украина да алатын жерін алып болды. Енді дипломатиялық жолмен соны жұмсартып, қағазға түсіріп, келіссөз ретінде аяқтау керек болып тұр», – дейді Жанат Момынқұлов.
Ал өңірлік геосаясаттағы бұл маңызды қадам, яғни көп ресурсты қажет ететін соғыстың аяқталуы өңірдегі мұнай-газ саласына әсер ете ме деген де сұрақтардың болуы заңдылық. Бұл ретте мұнай сарапшысы Абзал Нарымбетов қос президенттің мәлімдемелері, келіссөздер талаптары мұнай-газ өнімдерінің бағысына айтарлықтай әсер ете қоймайтынын айтты. Яғни мұнайды бағасын уысында ұстап тұрған соғыс емес, одан басқа да негізгі экономикалық, саяси факторлар.