© Reuters
Ресей президенті Владимир Путин Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесуі кезінде Украина басшысы Владимир Зеленскиймен кездесуге қарсы емес екенін айтты. Бұл туралы 13 наурызда өткен баспасөз конференциясында Түркия СІМ басшысы Мевлют Чавушоглу мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты "Анадолу" агенттігіне сілтеме жасап.
Чавушоглудың сөзінше, Анкара Ресей-Украина қақтығысы басталғалы бері Путин мен Зеленскийдің кездесуі үшін бар жағдайды жасап жатыр.
"Жалпы Путин телефон арқылы президент Ердоғанға кездесуге қарсы емес екенін айтты. Лавров мұны Антальядағы баспасөз конференциясында да айтқан болатын. Украиналық тарап та дайын. Бір жағы Киев пен Мәскеу арасында техникалық және басқа да мәселе бойынша келіссөз жүріп жатыр", - деді министр.
Түрік диломатиясының басшысы екі тарап та Түркияға бейтарап ел ретінде сенетінін айтты.
Сонымен қатар, министр Украина мен Ресей арасындағы келіссөзге назар аударды. Ол бірқатар мәселе бойынша тараптар уағдаластыққа жақын екенін және "қару қашан қолдануды тоқтататынын" шешу керегін атап өтті.
"Жақын арада бәрі шешіледі деп үміттенеміз. Келіссөздердегі оң нәтиже байқалғаны туралы Путин де айтқан", - дейді СІМ басшысы.
Түркияның СІМ басшысы Мевлют Чавушоглу. © Anadolu Agency
Сонымен қатар, Киев тарапы жақын болашақта Зеленский мен Путиннің кездесуіне сенетіндерін айтты.
"Оған жететін күнге де аз қалды деп ойлаймын. Мен кездесу жақын арада болады деп айтуға дайын емеспін. Бір, екі, үш күнде болатын нәрсе емес. Біраз уақыт өтеді, бірақ кездесудің тезірек өтуіне тырысамыз", - деді Зеленский кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк "Украина 24" телеарнасы эфирінде.
1099 рет оқылды