01 нау, 2022 сағат 09:54

Путин рубль құлдырап кеткеннен кейін жаңа жарлыққа қол қойды


Ресей президенті Владимир Путин Батыстың экономикалық санкцияларының жаңа пакетіне жауап берді. 28 ақпанда ол экономикалық мәселелер бойынша кеңес өткізді, нәтижесінде "АҚШ пен оған қосылған шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың жағымсыз әрекеттеріне байланысты" арнайы экономикалық шараларды қолдану туралы жарлыққа қол қойды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі URA.ru басылымына сілтеме жасап.

Отандық экономиканы қолдау жөніндегі жаңа шаралар пакетін талқылауды ашқан Путин премьер-министрмен батыстық санкциялар тақырыбын алдын ала талқылағанын атап өтті.

"Біз Михаил Владимировичпен (Мишустин) бұл тақырыпты алдын ала талқыладық. Әрине, қазір Батыс қоғамдастығы аталып жүргендер - мен өз сөзімде оларды "өтірік империясы" деп атағанмын - өз санкцияларын біздің елге қатысты жүзеге асыруға тырысып жатыр", - деді Ресей Федерациясының басшысы.

Кеңес қорытындысы бойынша Путин қол қойған құжат ресейлік экспорттаушыларды ел ішіндегі валюта түсімінің 80 пайызын сатуға міндеттейді, ресейліктер мен отандық компанияларға валютаны шетелге өз шоттарына және қарыздарды өтеуге аударуға тыйым салады, биржадағы баға 20 пайызға немесе одан да көп құлдыраған кезде компанияларға өз акцияларын нарықтан сатып алуға мүмкіндік береді, сондай-ақ ресейліктерге жеке қатысуынсыз ресейлік банктерде шоттар ашуға мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда банкті өзгерте де алады.

28 ақпанда Мәскеу биржасында өткен сауда бойынша, рубль бағамы алғаш рет бір доллар үшін 100 рубльден асты.