Президент Владимир Путин Ресей азаматтары ішінара әскерге алынатынын хабарлады.
"Мен Ресей Федерациясында ішінара мобилизация туралы ұсынысты қолдау қажет деп санаймын... Бұл туралы жарлыққа қол қойылды" деді ол бүгін таңертең Ресей халқына арнаған үндеуінде.
Путиннің сөзінше, әскер қатарына тек запаста тұрған, әскери білімі мен тәжірибесі бар азаматтар алынады, мобилизация 21 қыркүйектен, яғни бүгіннен басталады.
Ресейде екінші дүниежүзілік соғыстан бері ішінара әскерге алу шарасы болмаған.
Президент ішінара әскерге алу туралы мәлімдемені Украинаның шығысындағы Херсон облысы мен Запарожье облысының бір бөлігіндегі ресейшіл сепаратистердің Ресейге қосылу туралы референдум өткізер күнді белгілеген соң жасап отыр. "Референдум" 23-27 қыркүйекте өтуі мүмкін. Украина тарапы мұндай "референдумды" мойындамайтынын бірнеше рет қайталаған.
Путин халыққа үндеуінде "Ресей референдум қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолынан келгеннің бәрі жасайды", "Батыс әбден шектен шықты. Жауапсыз саясаткерлер Ресейге шабуыл жасау үшін Украинаға қажетті қару беруге шақырып жатыр" деп мәлімдеді.
Кеше, 20 қыркүйекте, Ресей мемлекеттік думасы Қылмыстық кодекске "мобилизация", "соғыс жағдайы", "соғыс уақыты" деген ұғымдарды жылдамдатып енгізген. Украинаның Харьков қаласы маңындағы жеңілістерінен кейін Ресейде жаппай әскерге алу туралы сөз көбейе бастаған.