Фото: Tengrinews.kz/Алихан Сариев
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, отбасында зорлық-зомбылық көрсетіп, жанжал шығаратындар психологиялық көмектен кейін түзеледі, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Отбасында зорлық-зомбылық көрсеткен 6 мың құқық бұзушы соттың шешімімен қамауға алынды. 13 мың отбасы сот барысында татуласты. Полиция жұмысының сервистік моделіне көшу аясында қауіпті отбасында күш көрсетушілерді анықтау және оларды әлеуметтендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оларға жеке түрде психологиялық тренингтерден өз еркімен өту ұсынылады», - деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Руслан Қаржаспеков министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.
Спикердің мәлімдеуінше, отбасылық зорлық-зомбылық бойынша 5 мың отбасының жағдайы зерттелген. Нәтижесінде 200 күш көрсеткіш анықталды, оның ішінде тек 70-і ғана психологиялық көмекке жүгінген.
«Айта кету керек, психологиялық курстан өткен отбасыларда тұрмыстық жанжал қайталанған жоқ. Үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілетінін еске саламыз. Жәбірленушілер дағдарыс орталықтарынан әлеуметтік-құқықтық көмек ала алады», - дейді ол.
Одан бөлек, ІІМ өкілі осыған дейін атқарылған жұмыстардың нәтижесінде тұрмыстық қылмыс 2,5%-ға, оның ішінде кісі өлтіру 4%-ға және ауыр қылмыстардың 10%-ға төмендегенін айтты.