Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры, профессор Жасұлан Шаймарданов Мемлекет басшысының Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауы мемлекетіміз үшін маңызды оқиғалардың бірі екендігі сөзсіз. Өйткені Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамымызды дамытудың негізгі бағыттарын белгіледі. Президент заманауи технологияларды қазақстандық қоғам өмірінің барлық салаларына белсенді түрде енгізуге ерекше мән беріп отыр», - деді Жасұлан Шаймарданов.
Оның айтуынша, басқарудың суперпрезиденттік моделі бұрын ақталды. Бірақ енді ел жаңа бағытты басшылыққа алуы керек.
«Бұл Жолдаудың елімізде жаңа саяси тәртіп құрудың негізі болатыны анық. Бүгінгі әлем өте серпінді. Көз алдымызда бәрі өзгеруде. Уақыт сынынан құтылу мүмкін емес. Жолдауда бар проблемалар ашық айтылды. Оларды шешудің бағыттары мен жолдары көрсетілді», - деді ғалым.
Өз сөзінде ол бұл Жолдауда ешқандай орындалмайтын міндет жоқ екендігін жеткізді.
«Осы жолда барша азаматтар жұмыла еңбек ету керек. Әрбір адам өз жұмысында Жолдауда айтылған ұстанымдар мен бағыттарды нұсқаулық етуі тиіс», - деді ректор.