Әлеуметтік желіде Владимир Путинге жақын жүретін бизнесмен және "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясын (ЧВК Вагнер) құрушылардың бірі Евгений Пригожиннің Украинадағы соғысқа қатысқан түрме тұтқындарымен әңгімесі бар видео пайда болды. Пригожин сөйлесіп отырған төрт адам да аяқтарынан айырылған.
Baza басылымы соғысқа барғаны үшін тұтқындарға рақымшылық жасалған деп хабарлайды. Пригожинмен сөйлескен төртеудің бірі аса ауыр қылмыс жасағаны үшін 23 жылға соттталып, он жылын түрмеде өткізген. Оған "Бұрын сотталған адам едің, қазір соғысқа қатысқан батырсың", - деген Пригожин "өмір бойы машықтанғандар (әскери жағдайға) қашып жатыр, ал ешкім ештеңе үйретпегендер алға ұмтылады, өйткені оларға бәрібір" деп сөйлеген.
Пригожинмен сөйлескен тұтқындардың екеуі аяқтарына протез жасатқан соң "ЧВК Вагнерге" қайта оралатынын айтқан. Оған Пригожин "компаниядан не зейнетке, не көрге кетуге болады" деп жауап берген.
Видеоның қайда, қашан жазылғаны белгісіз.
Ресей әскері көктемде Украина жерінде жеңіле бастағанда, "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясы Ресей түрмелерінде отырған тұтқындарды соғысқа тарта бастаған. Оларды үгіттеумен Евгений Пригожиннің өзі айналысып, ондаған түрмені аралаған. Соғысқа қатысуға келісім берген тұтқындар жарты жыл алғы шепте жүруге тиіс, оларға шегінуге, тұтқынға түсуге жол берілмейді. Алты ай шыдап, тірі қалғандарға рақымшылық жасалады. Қыркүйекте "Важное истории" басылымы "Вагнер" жекеменшік компаниясы алты мыңнан астам тұтқынды қалай тартқанын хабарлаған.
"ЧВК Вагнер" ("Вагнер" жекеменшік әскери компаниясы) – Ресейдің бейресми әскери бөлімшесі. Бұл бөлім әскери ведомстволардың балансы мен заңды тұлғалардың реестрінде жоқ. Бірақ оның жауынгерлері Сирия, Африка және Украинадағы соғыс әрекеттеріне қатысып жүр. Бұл компания Украина жеріндегі Ресей бөлімшелерінің ішінде неғұрлым соғысқа қабілетті әскери бөлім саналады. Бөлімнің жауынгерлері көптеген әскери қылмыстарға қатысқан деген күдік бар. "ЧВК Вагнерді" құрушы әрі демеушілерінің бірі - Владимир Путин айналасында жүрген бизнесмен Евгений Пригожин. Кейінгі кездері ол Ресей қорғаныс министрлігіндегі жоғары лауазымды шенеуніктерді ашық та қатаң сынай бастаған. Мұны Кремльдің мақұлдауымен істеп жүр деген болжамдар айтылған.