27 жел, 2021 сағат 14:16

Президенттің жастар кадр резервін іріктеуге қанша қаражат жұмсалды?


2021 жылы Президенттік жастар кадр резервін іріктеуге бюджеттен 70 млн теңге жұмсалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты. 

«2021 жылы Президенттің жастар кадр резервін іріктеу жұмысын ұйымдастыруға мемлекет бюджетінен 70 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Ол қаражат ІТ-платформаны дайындауға, сарапшыларды тартуға, ассесмент-орталық ұйымдастыруға жұмсалды», - деді Ерлан Әбіл.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанованың айтуынша, бұған дейінгі жас мамандар резервін іріктеуге бюджеттен ақша бөлінбеген.

«2019 жылғы резервті өткізген кезде біз бюджеттен ешқандай қаражат алған жоқпыз. Оның барлығы Astana Hub-тың ақшасына жасалды. Солардың Нью-Йорктегі және Ыстанбұлдағы кеңсесі арқылы бізге үлкен көмек көрсетті. Сондықтан да бюджеттен бір тиын да шығын шыққан жоқ. Кадрлық резерв 2019 жылы және биыл өткізілді. 2020 жылы іріктеу жүргізілген жоқ», - деді агенттік басшысы.