Біз өз ісімізде ең алдымен мемлекет мүддесін басшылыққа алуымыз керек. Satbayev University Басқарма төрағасы – ректор Мейрам Бегентаев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысының сұхбатынан («Хабар» телеарнасына берген эксклюзивті сұхбаты) түйген негізгі ойым – біз өз ісімізде ең алдымен мемлекет мүддесін басшылыққа алуымыз керек. Біз әрқайсымыз өз орнымызда өз міндеттерімізді атқара отырып, ең басты мақсатымызға – ойға алған ісіміз елге, барша қазақстандықтардың игілігіне қаншалықты пайдалы болатынына сүйеніп, ісімізді сол міндетпен салыстыруымыз керек. Қаңтар оқиғасы кезінде оның бірқатар шешімдерін Батыс елдерінің саясаткерлері қолдамайтынын Мемлекет басшысы, әрине, білді. Алайда лаңкестерге тойтарыс беріп, ұлттық мүдделерді қорғау қажет болған жағдайда ол барлық жауапкершілікті өз мойнына алды – бұл халықтың қауіпсіздігін, бейбіт тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етті», - деді Мейрам Бегентаев.
Сонымен қатар университет ректоры Президент елімізге саяси реформалар қажеттігін мәлімдегенін еске салды.
«Елдегі әртүрлі саяси күштердің еркін бәсекелестігіне қолайлы жағдай жасалғанда ғана экономика жаңаша дамып, жаңа жағдайларға бейімделеді дегенге келісемін. Саяси бәсекелестік экономиканың барлық қазақстандықтардың игілігі үшін тиімдірек жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Дегенмен елдің болашақ дамуы туралы өткір қарама-қайшы пікірлердің қоғамда үстемдік құруынан аулақ болуымыз керек», - деді М. Бегентаев.
Оның пайымынша, ең бастысы, Мемлекет басшысы мен оның әкімшілігі қастандық жасаушылардың бастамасына аз ғана уақыт ішінде тосқауыл қойып, жағдайды өз бақылауына ала білді.
«Менің ойымша, егер де сәл ғана кешіккенде, бүкіл еліміз бұдан да үлкен шығындар мен күтпеген жағдайларға тап болар еді», - деді Satbayev University Басқарма төрағасы.