26 шіл, 2022 сағат 14:58

Президенттің сыны әділ болды – сөгіс алған министрлер пікір білдірді

Коллаж: Ulysmedia.kz

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының өздеріне сөгіс жариялауы орынды болғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұған дейін де Президенттің мәселені өте әділ көтергенін айтқанмын. Айтылған сын өте дұрыс. Қазір сол тұрғыда жұмыс істеп жатырмыз. Қызметіміздің тиімділігін арттыру жөнінде міндет қойылды. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге шараларды пысықтадық. Оның нәтиежесін сіздерге де, Мемлекет басшысына да баяндап отырамыз», - деді Сұлтанов орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингте.

Ербол Қарашөкеев те Президенттің сынынан сабақ алып жатқанын айтты.

«Мемлекет басшысының айтқан сыны әділ болды. Жұмысымызда олқылықтар болғанын білеміз. Баяндамамда қант нарығындағы дүрбелеңге обьективті де, субьективті де факторлар әсер еткенін айттым. Қазір ахуалды түзетіп, жұмысымыздың тиімділігін арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз», - деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қант тапшылығын реттей алмаған Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаған еді.