16 нау, 2022 сағат 12:44

Президенттің партияға мүшелігін тоқтату керек - Тоқаев


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында Президенттің партия мүшесі болуын заңды тұрғыдан тоқтатуды ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Осылайша, біз еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтаймыз. 

Дәл сол сияқты, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норманы да заңнамаға енгізген жөн.

Барлық өкілеттікті бір қолға шоғырландырған орталықтағы жағдай аймақтарда да қайталанатынын көріп отырмыз. Сол себепті әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу керек. Мұндай шешімдер көпполюсті партиялық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Саяси және экономикалық қызметтің монополиялануы қаңтар оқиғаларының туындауына басты себеп болғаны бүгінде бүкіл қоғамға мәлім. 

Біз «қасіретті қаңтардан» мынадай маңызды сабақ алдық: мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді. Сосын олар мемлекетті жеке меншігі сияқты көре бастайды», - деді Тоқаев.