19 шіл, 2022 сағат 15:54

Президенттен сөгіс алған министр отставкаға кете ме?


Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев "Президенттен сөгіс алғаннан кейін отставкаға кетесіз бе" деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Бұған қатысты мен шешім қабылдамаймын. Отставкаға жіберу туралы шешімді ел басшылығы қабылдайды", - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ журналистер министрден бес балдық шкала бойынша өз жұмысын қалай бағалайтынын сұрады.

"Біздің жұмысымызға да ел басшылығы баға береді", - деп қысқа қайырды ол.

Айта кетейік, 14 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Серікқали Брекешевке геология және биоаулантүрлілік саласындағы сапасыз орындалған жұмысы үшін сөгіс жариялады.

Мемлекет басшысы экология министрінің минералдық ресурстар деректерінің цифрлық банкін құру және киіктер популяциясын реттеу жөніндегі тиімсіз жұмысын сынға алды. Президент киіктер санын реттеу мәселесін ақылға салып шешуді талап етті.

"Киік – қазақ үшін киелі жануар. Табиғи ландшафттан 80 мың киікті жою, яғни ату ұсынылды. Мәселені шешудің басқа да жолдары бар емес пе? Мамандармен ақылдасыңыз. Бұл ақырғы шара болуға тиіс. Бәлкім, бұған да жүгінерміз. Бірақ, бұл амалсыз шара болуы керек екенін ескертемін. Осы мәселені кәсіби тұрғыдан қарастыру қажет", – деді Тоқаев.

Осы сыннан кейін Серікқали Брекешев Зоология институты киіктер санын реттеу бойынша терең ғылыми зерттеу жүргізетінін мәлімдеді. Министрдің айтуынша, ғылыми зерттеу бір-екі жылға созылуы мүмкін. Оның қорытындысы шықпағанға дейін популяцияны реттеу мәселесіне қатысты шешім қабылданбайды.