25 ақп, 2021 сағат 11:54

Президент зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша арнайы қызметтің штат санын қалпына келтіруді тапсырды

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесін көтерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Президенттің айтуынша, өзекті әлеуметтік мәселе ретінде әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық болып тұр. Жыл сайын елімізде әйелдерге қатыстыь жасалған 2,5 мыңнан астам қылмыс тіркеледі, осының салдарынан қайғылы оқиғалар орын алып жатады. Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық олардың қоғам өміріне толыққанды қатысуына тосқауыл болып, отбасы институтына кері әсерін тигізеді. 

«Бұл мәселені тек мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен күш-жігерімен ғана шешу мүмкін болып тұр. Бұл ретте, Ішкі істер министрлігіне қарасты 1999 жылы құрылған Әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелер маңызды рөл атқарады», - деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Қ. Тоқаев бұл бөлімшелер полицияның азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылының тиімді буыны болуы керектігін атап өтті.

«Алайда, кезінде олардың штаттық санының жартысына жуығы қысқарып қалған, әсіресе, бұл қызметкерлер тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері жиі тіркелетін өңірлерде қысқарған. Бұл проблеманы кеңестің алаңында әлеуметтанушы Гүлмира Илеуова көтерген еді. Ішкі істер министрлігіне мүмкіндігінше Әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелердің штат санын қалпына келтіруді тапсырамын», - деді Президент.