ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгерлік контингентін елге алдыру қадамы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президенттің шешімтал әрекеттері елде тұрақсыздық орнату туралы жспарды бұзды. Оның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгерлік контингентін шақыру шешімі де бар. Бұл сөзсіз. Бұл жерде мен кейбір «сарапшылардың» арасында түрлі спекуляцияларды көріп отырмын», - Ерлан Қарин «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Қазақстанда болып жатқан жағдайды сырттан тон пішіп, ескі стереотиптермен бағалау үрдісі байқалып отыр.
«Өкінішке қарай, олар бұл оқиғаларды трафарет бойынша бағалауда. Ескі шаблонмен бағалау арқылы қоғам пікіріне манипуляция жүріп жатыр. Қалыптасып қалған стереотиптер арқылы бейбіт қарсылықтар мен акциялардың аясындағы жаппай тәртіпсіздік деп көрсетуге тырысуда. Оның үстіне ҰҚШҰ бітімгерлік контингентін шақыру тақырыбын ушықтырып жатыр. Бірақ өте шетін ахуал болған еді. Мемлекеттің тұтастығын сақтау бойынша соншалық шетін ахуал туындаған болатын», - деді Мемлекеттік хатшы.