30 қыркүйекте Игорь Роговтың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның Қазақстандағы адвокатура институтының құқық қорғау әлеуетін дамытуды, сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігінің Қазақстан Республикасы азаматтарын одан тыс жерлерде қорғауды және оларға қамқорлық жасауды қамтамасыз ету жөніндегі қызметін талқылауға арналған отырысы өтті.
Аталған тақырыпта ҚР Әділет вице-министрі Алмат Мадалиев, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко баяндама жасады.
Комиссия жұмысына Қазақстан Республикасы билігінің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының өкілдері, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, адвокатураның, білім беру және ғылым ұйымдарының, жұртшылықтың және БАҚ-тың өкілдері қатысты.
Комиссия отырысында адвокатураның құқық қорғау әлеуетін күшейту мен нығайтудың өзекті мәселелері Мемлекет басшысының «Әділеті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау, Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңдарымен, БҰҰ Адам құқықтары туралы халықаралық пактілерімен, Азаптауларға қарсы конвенциямен және басқа да ратификацияланған халықаралық шарттармен кепілдік берілген азаматтар мен өзге де тұлғалардың құқықтарын сақтау және қамтамасыз ету тұрғысынан талқыланды.
Комиссия төрағасы Игорь Рогов өз сөзінде құқық қорғау және арнайы, сондай-ақ сот органдарының қызметінде адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте ол өзінің назарын қылмыстық процесте тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығын нақты қамтамасыз етуге, адвокатура институтын құқықтық жүйенің ғана емес, елдің бүкіл азаматтық қоғамының аса маңызды тәуелсіз құқық қорғау институты ретінде нығайтуға ерекше аударды.
Бұдан әрі Комиссия төрағасы қылмыстық, азаматтық және әкімшілік процестің барлық сатыларында өз құқықтарын тиімді қорғауды қажет ететін әрбір адамға білікті заң көмегін көрсететін адвокаттардың қызметінде адам құқықтарын қорғаудың маңыздылығы мен өзектілігін атап өтті.
Комиссияның сөз сөйлеген мүшелері мен сарапшылары Қазақстан Республикасы Конституциялық реформа арқылы құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту үшін тағы бір елеулі және маңызды қадамды жүзеге асырғанын атап өтті. Бұл Жаңа Қазақстанның барлық құқық қорғау институттарын нығайтуға негіз болады.
Сөз сөйлеген Комиссия мүшелері адвокатураның еліміздің маңызды құқықтық институттарының бірі ретіндегі негізгі мақсаты азаматтардың білікті заң көмегін алуға, сондай-ақ азаматтар мен өзге де тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға конституциялық құқықтарын іске асыруда мемлекетке жәрдемдесу болып табылатынын атап өтті.
Талқылау барысында Комиссия мүшелері мен сарапшылары Қазақстанда адвокатура институтын дамытуды, қылмыстық сот өндірісі мен сот шешімдері шеңберінде адвокаттардың рөлін арттыруды, қылмыстық процестің белсенді қатысушысы ретінде адвокаттың процестік құқықтарын іске асырудың тиімді құқықтық тетіктерін белгілеуді ұсынды.
Елімізде адвокатура институты Республикалық адвокаттар алқасы мен 20 аумақтық адвокаттар алқасы, жалпы саны 6 мыңға жуық адвокаттан тұратыны атап өтілді.
Дәлелдемелерді жинау бойынша нақты құқықтар беруді қоса алғанда, адвокаттардың процестік және институционалдық мәртебесін нығайту бойынша заңнамалық шаралар қабылдау, қоғамның осал топтарына көрсетілген тегін заң қызметтерінің сапасын бақылау тетігін әзірлеу және енгізу, азаматтарға төлеу үшін сақтандыру жағдайының басталу негіздерін қайта қарау және адвокаттардың кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шарттарынан туындайтын сақтандыру төлемдерін өндіріп алу тетігін пысықтау ұсынылды.
Комиссия отырысында сондай-ақ таяу және алыс шетелдерде Қазақстан Республикасы азаматтарының қорғалуы мен қамқорлықта болуын қамтамасыз ету жөніндегі өзекті мәселелер талқыланды.
Жиында әзірленген ұсынымдары Мемлекет басшысының, Қазақстан Республикасы Парламенті мен Үкіметінің назарына жеткізіледі.