Президенттің биылғы жолдауы ерекше болды. Бұрын жабылып қалған облыстарды қайта құру туралы шешімі халықтың көңілін көтеріп, рухтандырып жіберді. Мұндай пікірді ақын, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президенттің биылғы жолдауы ерекше болды. Бұрын жабылып қалған облыстарды қайта құру туралы шешімі халықтың көңілін көтеріп, рухтандырып жіберді. Семейді - Абай, Талдықорғанды - Жетісу, Жезқазғанды - Ұлытау, Алматы облысының орталығына Д. Қонаевтың атын беруді ұсынды. Мен бұл үлкен қадам және жақсы жаңалық болды деп ойлаймын. Мемлекет басшысы тұрғындардың көкейінде жүрген алуан түрлі сауалға жауап берді», - дейді ақын.
Сонымен қатар, ол Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру үшін Конституцияға 30-дан астам өзгеріс енгізілетінін тілге тиек етті.
«Конституцияға 30-дан астам өзгеріс енгізілетін болды. Бұл да батыл қадам. Соның ішінде тілге қатысты заң қабылданса екен деген тілек бар. Президент Қасым–Жомарт Тоқаев ұлттық мүддеге, халыққа деген адалдығын тағы бір мәрте көрсетті. Қайталап айтам, Мемлекет басшысының бүгінгі жолдауы халықтың еңсесін көтеріп, Қазақстанның дамуына үлес қосуға деген құлшынысын оятты», - дейді Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.