ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, қала аумағын сапалы жоспарлау стандарттары маусым айында бекітіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауында қалаларды кешенді салудың жаңа стандарттарын әзірлеу қажеттілігін атап көрсетті.
Осыған байланысты министрлік Қала аумағын сапалы жоспарлау стандарттарының бірінші редакциясын әзірлеп, мемлекеттік органдар мен ұйымдарға келісуге жіберді», -деді министр Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, аталмыш стандарттар тартымды және ыңғайлы қоғамдық кеңістікті қалыптастыруды, жаяу жүргіншілер мен велосипед инфрақұрылымын дамытуды ескерген, жинақы құрылысты жобалаудың қарапайым және көрнекі құралы болмақ.
«Осы стандарттарды маусым айында бекіту жоспарланған. Әкімдіктер аталған стандарттарды ескере отырып, әртүрлі көздерден қаржыландырылатын тоқсан сайынғы/аудан аралық жоспарларды әзірлеп, бекітіп, инженерлік инфрақұрылымды, тұрғын үй қорын кезең-кезеңімен реконструкциялаудың кешенді тәсілін әзірлеуі қажет.
Бүгінгі күні біз еліміздің ірі елді мекендерінің қалалық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасының пилоттық жобаларын іске асыруды бастауды жоспарлап отырмыз», - деді Қайырбек Өскенбаев.