22 қыр, 2022 сағат 16:04

Президент сайлауы: кандидаттарды ұсыну қашан басталады?

© Sputnik / Владислав Воднев

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров кезектен тыс Президент сайлауына қатысу үшін кандидаттар ұсыну қашан басталатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Өздеріңіз білетіндей, кеше Қазақстан Республикасының кезектен тыс Президент сайлауын 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындау туралы Жарлыққа қол қойылды. Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

Бүгін ол "Казахстанская правда" мен "Егемен Қазақстанда" жарияланады. Яғни, бүгіннен бастап қаулы күшіне енді. Президенттікке кандидаттарды ұсыну сайлау белгіленген күннен кейінгі күні, яғни 23 қыркүйектен басталып, биылғы 11 қазанында сағат 18:00-де аяқталуы тиіс", - деді Петров.

Ол сайлау туралы Конституциялық заңның 55-бабы 1-тармағына сәйкес президенттікке кандидаттар ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген республикалық қоғамдық бірлестіктерге тиесілі екенін түсіндірді. Ұсыну туралы шешім республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады.

Кандидаттардың Конституция және "Сайлау туралы" Конституциялық заң талаптарына сәйкестігін ОСК тиісті құжаттар ұсынылған кезден бастап бес күн ішінде анықтайды.

Ол үшін кандидаттар мына құжаттарды ұсынуы керек:

  1. республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы отырысының кандидатты ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірме;
  2. кандидаттың дауысқа түсуге келісім беруі туралы өтініші;
  3. кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін растайтын құжаттар.