Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформалар жүргізу қажеттігі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мен бастапқыда «алдымен экономика, содан кейін саясат» формуласы өз ресурсын сарқып бітті деп ойладым. Бірақ бұл 90-жылдардың басында өте пайдалы болды. Адамдардың азаматтық белсенділігін көтеру үшін саяси өзгерістер жасауымыз керегін түсіндім және қоғам да осыны қажет етіп отырған еді. Іс жүзінде саяси реформаларды бастадым. 2019 жылы бейбіт митингілер туралы заңды әзірлеуге кірістік, содан кейін парламенттік реформа басталды және әйелдерге қатысты 30% квота енгізілді», - деді ҚР Президенті ресейлік журналист Андрей Кондрашовқа берген сұхбатында.
Мемлекет басшысы елімізде өткен референдумның бағытын да түсіндірді.
«Референдумға келсек, бұл саяси құрылымды қайта құру мақсатында мен бастаған науқанды жалғастырумен байланысты. Расында да, біз суперпрезиденттік жүйеден кетуіміз керек, ол өзінің тиімді болғанын көрсетті. Қазақстан 90-жылдардың аяғы мен 2000-жылдардың басында өз дамуында үлкен серпіліс жасады. Бірақ өмір бір орында тұрмайды, қайта құрулар мен реформалар қажет. Сондықтан ықпалды парламент, атқарушы билік өз рөлін атқаратын және Парламент пен өз халқы алдында толық есеп беретін өркениетті президенттік жүйеге көшу қажет деп ұйғардым. Парламентке келсек, төменгі палатаға келесі сайлау мүлдем жаңа ережеде өтеді – 70% дегеніміз пропорционалды жүйе, яғни партиялық тізімдер, ал 30% - бірмандатты округтер бойынша мажоритарлық жүйе болады. Әрине, Парламенттің қызметіне қатысты кейбір заңдарды өзгерту қажет болады. Бұл үлкен жұмыс, оны жыл соңына дейін шеше аламыз деп ойлаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.