16 нау, 2022 сағат 20:55

Президент реформациясы Қазақстанның шыңды алуына бастайды – Бақытбек Смағұл


Президент реформациясы Қазақстанның шыңдалуына, шыңды алуына бастайды. ҚР Президентінің Жолдауына орай Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында қазақ елінің төл жаңғыру дәуірі басталатынын жария етті. Бұл ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы «реформация» деген бейнелі терминді сөз етті. Мысалға, XVI ғасырда Еуропада жүрген реформация тұтас дәуірдің жарқын символына айналғаны мәлім. Мұндай жаңғыруға гуманизм идеалдары негіз болды. Тарихтан білеміз, кейін «қасиетті» атанған Мартин Лютер ықпал еткен Батыс елдеріндегі реформация дінді қарадүрсін схоластикадан «Жаратқан Ие мен адам арасындағы тікелей, әрі ашық диалог» қалыбына көшірді. Шіркеу жоралғылары халыққа түсінікті тілде жүргізілетін болды. Дінмен біте қабысқан билік бұқараға мейлінше жақындай түсті. Еуропа халықтарының ахуалы жақсарып, ауқаты артты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстандағы реформациясы зайырлы билікті әрбір қазақстандыққа барынша жақын етуге, мемлекет пен халық арасындағы диалогты күшейтіп, елдің билікке сенімін нығайтуға бағытталған. Бүгінгі Жолдау арқылы ел Президенті ел перзенті екенін паш етті. Халық күткен, қоғам біраздан ілгерілеткен күн тәртібін, өзекті мәселелерді көтерді және солардың нақты шешімін ұсынды», - деді Мәжіліс депутаты.

Ол іргедегі бауырлас елдер соғысып, Батыс жұрты көмекке келіп, геосаяси дауыл тұрып, әлем әлемтапырық болып жатқанда кейбір саясаттанушылар, сарапшылар тарапынан «Қазақстан Президенті ірі саяси бастамаларын кейінге қалдыратын болар» немесе «реформаларының бесінші топтамасын шолтиған, қысқартылған күйде жариялайтын шығар» деген ой-пікір айтылып қалғанын да жасырмады. 

«Бұл ретте Мемлекет басшысы ел үмітін ақтады, сөзінде тұрды. Оның Жолдауындағы саяси бастамалар ауқымымен таңғалдырды, тәнті етті. Дүйім жұрттың тілегінің үдесінен шықты. Мәселен, жаңа облыстардың құрылуы мәселесін жұртшылық біраздан көтеріп келе жатыр. Бүгінгі Жолдау арқасында жаңа 3 облыс пайда болмақ. Бұл қадам өңірлердің, қалалардың қайта түлеуіне, жаңғыруына жол ашады», - деді ол. 

Мәжіліс депутаты республикада Парламенттің рөлі күшейтілетіндігіне де назар аудартады. 

«Қазақстан пропорционалды-мажоритарлық, яғни аралас сайлау жүйесіне көшеді. Бұл жүйе партияларға да, жекелеген тұлғаларға да өз әлеуетін жарқырата ашуға мүмкіндік береді. Сайлаушылар ел үмітін ақтамаған, уәдесін сақтамаған депутаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға ықпал ете алатын болады. Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту науқаны басталады. Қоғамның сұрауымен елде Конституциялық сот құрылады. Елдегі саяси реформалардың алдыңғы төрт топтамасын пысықтауға зор үлес қосқан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі таратылып, оның орнына ата-баба дәстүрінен тамыр тартқан, қазақылыққа жақын Ұлттық құрылтай құрылады», - деді Бақытбек Смағұл.

Мәжіліс депутаты Президенттің бастамасына сәйкес, енді партия ашу үшін 5 мың мүшенің жеткілікті болатындығын, жаңа партия тіркеу рәсімі жеңілдетілетіндігін айтады. 

«Жалпы, алдағы өзгерістер биліктің барлық тармағын, мемлекет пен қоғам өмірінің әр қырын қамтиды. Тарихта қалатын осы Жолдауда айтылған жаңғырулардың бәрі мемлекетімізді күшейтуге, тәуелсіздігімізді нығайтуға септігін тигізеді деген сенімдемін. Қазіргі кезде жаһандағы күрделі жағдай, іргеде бейбіт аспанды қара бұлттың торлауы, елдегі пандемия тудырған экономикалық дағдарыстың жаңа күйзеліске ұласу қаупі көптеген азаматтардың бойында физикалық-психологиялық күш-қуаттың сарқылуына, басқа түскен ауыртпалықтан қажып, торығуға соқтырғандай еді. Осы орайда Президент халық бойына сенім құя сөйледі: әлемде терең күйзеліс бар, бірақ дүрлігуге себеп жоқ. Қазақстан кең ауқымды дағдарысты еңсеру үшін қажетті барлық резерв пен құралдарға ие. Еліміз тұрақты, жеріміз бүтін, бірлігіміз бекем болса, алынбайтын қамал, еңсерілмейтін қиындық жоқ. Жаңа реформалар арқасында Жаңа Қазақстанымыз алдағы замандардың сыны мен тезіне төтеп берерлiк күштi бойына жинайды, тұлғалана түседі. Қорыта келгенде, бір мәселеге назар аудартқым келеді: Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жария еткен саяси реформалар мен бастамалар – соңғысы емес: олар ары қарай жалғасын табады. Жаңа өмір шынайылығына, күн сайын түрленген заманға сай бейімделу өзгерістердің жаңа легін қажет етері сөзсіз. Ең бастысы – Қазақстан үшін қазір ширығу, шыңдалу, сөйтіп жаңа шыңдарды алу кезеңі тууда», - деді Бақытбек Смағұл.