16 нау, 2020 сағат 12:32

Президент меморгандардың жедел шешім қабылдауына мүмкіндік беретін жарлыққа қол қойды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус пандемиясына қатысты төтенше жағдай бойынша жарлық қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мен мемлекет қызметінің тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары туралы жарлыққа қол қойдым. Бұл құжат мемлекеттік органдардың тиімділігін арттырып, билік вертикалін нығайтып, дағдарыс жағдайында барлық қажетті шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді. Қажет болса, салық саласын да қамтиды. Жарлық дәрі-дәрмек пен өзге де қажетті сатып алуды оңтайландырылған тәртіпте, әсіресе отандық өндірушілерден сатып алу құқығын береді. Осылайша, біз қазіргі төтенше жағдайда өте маңызды болып отырған уақыт пен қаржыны үнемдейміз. Халқымыздың даналығы мен жоғары азаматтық жауапкершілігі, қоғам мен мемлекеттің үйлесімді жұмысы барлық қиындықтарды еңсеруге мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деді Мемлекет басшысы. 

Естеріңізге сала кетсек, кеше ҚР Президентінің жарлығымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы 16 наурыз 08 сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуір 07 сағат 00 минут аралығында төтенше жағдай енгізілді.

Сондай-ақ Қазақстан азаматтарына 15 сәуірге дейін ел аумағынан шығуға тыйым салынды.