17 ақп, 2022 сағат 21:55

Президент: Мемлекеттік қызмет – эксперимент алаңы емес!


Мемлекеттік қызмет – эксперимент алаңы емес. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Негізі, кадр мәселесін өте күрделі, өте маңызды әрі нәзік мәселе деп айтуға болады. Расында, көп нәрсе білікті кадрларға байланысты. Менің бастамам бойынша Президенттік жастар кадрлық резерві құрылды. Кадрлық резервке өткен азаматтар біртіндеп жауапты қызметке тағайындалып жатыр. Әрине, мұнымен шектелуге болмайды. Басқа да адамдарға жол ашуымыз керек», - деді Мемлекет басшысы. 

Президент мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап өте жоғары болуға тиістігін баса айтты. 

«Кез келген адам бірден министр немесе әкім бола салмайды. Ол анық нәрсе. Біраз уақыт, мол тәжірибе керек. Ондай лауазымға білімді, білікті, қызметіне адал азаматтарды тағайындаған жөн. Бұрынғы мамандардың бәрін жұмыстан шығару дұрыс болмас еді. Орысша «политическая чистка», яғни «саяси тазалауға» барудың қажеті жоқ. Мемлекеттік басқару саласына бірте-бірте жаңа мамандар келеді. Келіп те жатыр. Бұл – қалыпты үдеріс. Бірақ, бір нәрсені есте ұстаған жөн. Мемлекеттік қызмет – эксперимент алаңы емес! Сондықтан бұл жұмысты бірте-бірте жүргіземіз», - деді ол.