16 нау, 2022 сағат 13:28

Президент: Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет


Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру үшін Конституцияға 30-дан астам өзгеріс енгізу қажет. Бұл туралы бүгінгі жиында Мемлекет басшысының өзі айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Менің бүгінгі бастамаларым өте ауқымды. Бұл бастамалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертеді. Оны жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет. Сондай-ақ, жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау керек.

Заң жобасын әзірлеп, оны қабылдау – едәуір уақыт алатын күрделі жұмыс. Сондықтан, оған аса жауапкершілікпен қараған жөн. Сондай-ақ, ішкі-сыртқы сын-қатерлерді мұқият ескеруіміз керек.

Біз Тәуелсіздік жылдарында небір қиындықтан аман өттік. Сын-қатердің бәрін еңсеріп, осы күнге жеттік. Енді елімізді түбегейлі жаңғыртуға кірістік.

Бұл кезең алмағайып уақытқа тұспа-тұс келіп отыр. Қазіргі халықаралық ахуал Қазақстанға да әсер ететіні анық. Бірақ, заман қаншалықты күрделі болса да, біз бағдарымыздан айнымаймыз. Өткеннен тағылым алып, келешекке сеніммен қадам басамыз.

Осы жолда жұртымызға, ең алдымен, ауызбіршілік керек. Ақыл мен сабыр, парасат пен ұстамдылық қажет. Біз әр шешімді мұқият саралап, әр істі байыппен жасауға тиіспіз. Отаншылдық рухы жоғары ел көздеген мақсатына қалайда жетеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.