17 қыр, 2022 сағат 19:11

Тоқаев конституцияға өзгеріс енгізу туралы заңға қол қойды


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы заңға қол қойды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", - делінген хабарламада.

16 қыркүйекте өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында Конституцияға өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы заң қабылданып, Президентке қол қоюға жіберілген еді.

Sputnik Қазақстан агенттігінің жазуынша, құжат бес бапқа өзгерістер енгізуді және бір баппен толықтыруды көздейді. Түзетулердің бірі - Президент өкілеттігін жеті жылға дейін созу және тек бір мерзімге ғана сайлау.

"Депутаттар тиісті түзетулерді енгізуді жеделдетіп, оларды президенттік сайлауға дейін қабылдауды ұсынды. Әйтпесе, олардың пайымынша, биыл күзде Президент болып сайланатын адамға Конституцияның қолданыстағы редакциясының ережелері бойынша жеті жылдық мерзімге қайта сайлауға мүмкіндік беретін заңды жағдайлар туындауы мүмкін. Осыған байланысты заң жобасы кейіннен қайта сайлау құқығынсыз ұзақтығы жеті жыл бір президенттік мерзім туралы ережелерді қамтиды", - деді Әділет министрі Қанат Мусин Парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Айтуынша, бұл Конституциялық новелла биліктің монополиялану тәуекелін едәуір төмендетеді.

"Сондай-ақ Конституцияның Президенттің өкілеттік мерзіміне және оны қайта сайлау жөніндегі шектеулерге қатысты ережелерінің өзгермейтіндігін белгілейтін түзету көзделген. Бұл болашақта Президент өкілеттігінің еселігін немесе мерзімін ұлғайту мүмкіндігін болдырмайды. Осылайша, Президенттің мандатын қайта сайлану мүмкіндігінсіз бір мерзімге шектеу туралы норма Конституцияның ажырамас бөлігіне айналады және кейіннен қайта қаралмайды", - деп сендірді Әділет министрі.

Сонымен қатар, Конституцияға ел астанасының атауын "Астана" деп өзгерту туралы түзету енгізіледі.

"Елорда атауын өзгерту мәселесін азаматтар ұзақ уақыт бойы кеңінен талқылауда. Ол кездесулер барысында және референдум кезінде азаматтардың үндеулерінде көтерілді. Сондықтан, қоғамдық пікірді ескере отырып, депутаттардың бұл ұсынысы заң жобасына енгізілді", - деді Мусин.

Конституцияға енгізілетін тағы бір өзгеріс – Конституциялық сот судьяларына қатысты. Әлемдік практикаға сәйкес, Конституциялық сот судьяларының өкілеттік мерзімі оларды тағайындайтын адамдардың өкілеттік мерзімінен асып кетуі керек. Мысалы, Германия, Италия, Испания, Португалия және басқа да бірқатар елдің конституциялық соттары осылай қалыптасады.

Осыған байланысты заң жобасында Конституциялық соттың судьяларына қайта тағайындалуға шектеу қоя отырып, олардың өкілеттік мерзімін сегіз жылға дейін ұлғайту көзделген.