Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "АрселорМиттал Теміртау" АҚ шахтасында қаза тапқан жұмысшылардың отбасына көңіл айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "АрселорМиттал Теміртау" АҚ шахтасындағы апатта қаза тапқан жұмысшылардың отбасылары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
"АрселорМиттал Теміртау" акционерлік қоғамының шахтасында болған апат салдарынан қаза тапқан жұмысшылардың отбасылары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін. Үкіметке және Қарағанды облысының әкіміне апат себептерін анықтау үшін шұғыл шаралар қабылдауды және қайтыс болған және зардап шеккен азаматтардың отбасыларына тиісті көмек көрсетуді тапсырдым", – деп жазылған жеделхатта.
Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысының Шахтинск қаласында "АрселорМиттал Теміртау" шахталарының бірінде газ шыққаны хабарланған болатын.