Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында кедендегі "былық" туралы айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, кеден бекеттеріндегі қордаланған мәселелерді жедел шешу қажет.
"Тағы да қайталап айтамын: ондағы былықты жөнге келтірмесе, салдары қиын болуы мүмкін. Қытайдың статистикасы мен біздегі көрсеткіштің айырмасы 5,7 миллиард доллар болуы - соның дәлелі. Қазір Қытаймен арадағы кеден бекетінде 12 мыңнан астам көлік электрон кезекте тұр. Құзырлы экономикалық операторлардың заңсыз іс-әрекеті туралы бұған дейін де айттым. Олар кеденнен және басқа да бақылау органдарынан соншама жеңілдікті қалай алып отыр? Не себепті бұл мәселе назардан тыс қалған? Бұл сұрақтарға 10 күн ішінде нақты әрі толық жауап күтемін.
Осы саланың қызметін заң бойынша қатаң реттеу қажет. Жалпы, кеден және логистика жүйесіне ірі халықаралық компанияларды тартуды ойластырған жөн. Олар қажетті тасымал көлемін және жұмыстың ашық әрі есепті болуын қамтамасыз ете алады. Бұл мәселе Үкіметте талқыланды. Үкіметке оны тағы да пысықтап, маған баяндауды тапсырамын", - деді Тоқаев.