24 там, 2022 сағат 19:05

Президент елордадағы Гейдар Әлиев көшесі атауын басқа нысанға ауыстыруды тапсырды

Фото: Tengrinews.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтандағы Гейдар Әлиев көшесі атауын басқа нысанға ауыстыруды тапсырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

"Кезінде елордамыздың бір көшесіне көрнекті мемлекет қайраткері, әзербайжан халқының біртуар ұлы Гейдар Әлиевтің есімі берілді. Бірақ қала дамып келеді, қазір бүгінгі позициядан қарағанда бұл көше соншалықты әсерлі көрінбейді. Сондықтан мен шешім қабылдап, елорда әкіміне елордамыздың үлкен көшелерінің немесе даңғылдарының біріне елімізде шын жүректен құрметтейтін Гейдар Әлиевтің есімін беруді ұсынуды тапсырдым. Яғни, көше атауын қолайлырақ нысанға ауыстырамыз. Бұл әбден орынды деп ойлаймын", - деді Тоқаев Бакуде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен екіжақты кездесуде.

Біраз күн бұрын Каспий теңізі жағасында орналасқан Әзербайжанның Сумгайыт қаласындағы орталық көшелердің біріне қазақ ағартушысы, түркітанушы Ахмет Байтұрсыновтың есімі берілген болатын.

Сондай-ақ, Президент Әзербайжан басшысын Қазақстанға келуге шақырды.

"Құрметті Ильхам Гейдарұлы, Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру жөніндегі бастамасын қолдағаныңыз үшін алғысымды білдіргім келеді. Қазанның ортасында елордамызда саммит өтеді және әрине, сіздердің осы аса маңызды форумға жеке қатысуларыңызды күтеміз. Сіздің осы форумға қатысуыңыз және жұмысыңыз қалаған нәтижеге қолжеткізу тұрғысынан өте оң әсер етеді", - деді Тоқаев.