Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы аптада бірқатар халықаралық іс-шараға қатысады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Президент баспасөз қызметінің мәліметінше, 11-12 қазанда Катар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тани Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді.
12-13 қазанда Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған елімізге мемлекеттік сапармен келеді.
13 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті өтеді. Шара аясында Президент мемлекеттер мен үкіметтер басшыларымен, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізеді.
14 қазанда елордамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесі және «Орталық Азия – Ресей» саммиті жоспарланған.
15 қазанда Қазақстанға Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов мемлекеттік сапармен келеді.