ҚР Президенті Әкімшілігінің қызметкерлері біркүндік еңбекақыларын еліміздегі коронавирустың таралуына қарсы күреске көмек ретінде аударуға шешім қабылдады. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Аударылған қаражат елорда мен Алматы қалаларының пандемия салдарын өз бастарынан өткерген тұрғындарға беріледі. Сонымен қатар жиналған қаржы коронавирусқа қарсы күреске атсалысып жатқан медицина қызметкерлерін ынталандыруға да жұмсалады. Бұл қаражаттың бір бөлігін жұқпалы аурулар ауруханаларын қолдауға, маскалар мен басқа да қажетті қорғаныш құралдарын сатып алуға жұмсау жоспарлануда. Бұдан бөлек балалар үйлеріне де көмек көрсетіледі», - деп жазды Б.Уәли Facebooк-те.
Еске салайық, коронавирус инфекциясының таралуына байланысты Қазақстанда 16 наурыз бен 15 сәуір аралығында төтенше жағдай жарияланды.
Ал 19 наурыздан бастап инфекция тіркелген екі қалада - Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин режимі енгізіледі.
Осы уақытқа дейін Алматы қаласында инфекцияға шалдыққан – 18, Нұр-Сұлтан қаласында - 18 адам, жалпы 36 науқас тіркелді.