Әкімнің бәрін ауыстыру - менің негізгі мақсатым емес. Бұл туралы «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасындағы сұхбаты кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сұхбат барысында тілші болып жатқан кадрлық өзгерістер жайында сұрады. «Бірақ әкімдердің басым көпшілігі әлі орнында отыр. Олардың жағдайы қалай болмақ? Алдағы уақытта облыс әкімдері сайлана ма?» деп сұрақ қойды ол.
Осы орайда Президент тиісті өзгерістер болатынын атап өтті.
«Жалпы айтқанда, кадрлық ауыс-түйіс – үздіксіз жалғаса беретін үдеріс. Лауазым мәңгілік дүние емес. Жұмыстың жаңа талабына икемделе алмаған адамдар қызметтен кетуге мәжбүр болады. Олардың орнын жаңа кадрлар басады. Әкімнің бәрін ауыстыру менің негізгі мақсатым емес. Әкімдердің жұмысына жан-жақты талдау жасалады. Негізгі талап – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Сондықтан қажеттілік болса, тиісті кадрлық шешімдерді қабылдаймын. Міндетті түрде өзгерістер болады.
Мен 2020 жылы халыққа Жолдауымда алғаш рет ауыл әкімдерін сайлау туралы айттым. Көп ұзамай ауыл әкімдерін сайладық. Былтырғы Жолдауымда «Келесі қадам – аудан әкімдерінің сайлауы» деп айттым. Оны 2024 жылы өткіземіз. Бәлкім, пилоттық жоба ретінде келесі жылдан бастасақ, орынды болар», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.